Кемелбек Ойшыбаев мемлекеттік БАҚ-ты дамыту іс-шараларын атады
«Егер нақты іс-шараларға тоқталар болсақ, онда мемлекеттік БАҚ-тың интернеттегі – әлеуметтік желілер, видеохостингтер және мессенджерлердегі жұмысын белсенді түрде кеңейту жүргізіліп жатыр. Қазақстан мемлекеттік телекоропорациясы мен Хабар интернет аудитория үшін жобаларын бейімдеуде қарқынды жұмыс істеуде. Интернетке ғана бейімделген бірегей контенттер өндірілуде», - деді ол «Astana Media Week – 2021» медиа апталығы аясындағы «Медианы дамыту стратегиясы» атты дөңгелек үстел барысында.
Вице-министрдің атап өтуінше, бұл бағытта жетістіктер де бар. Мәселен, Хабар телеарнасының YouTube арнасында 6,5 млн бірегей пайдаланушы тіркелген.
«Сериалдарды интернеттен көру дағдысы артып келе жатыр. Айталық, «Келінжан» сериалы көрсетілімнің алғашқы күнінде-ақ миллион көрілім жинады. Қазақстан телерадиокорпорациясы жобаларының YouTube-дегі көрілімі 6 айда 300 млн-ға жетті», - деді Кемелбек Ойшыбаев.
Сонымен қатар ол «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бүгінде Қазақстандағы үздік 5 ақпараттық ресурсқа кіретіндігін атап өтті.
«Тек осы жылдың басынан бері оған 25 млн-нан астам пайдаланушы кірді. ҚазАқпаратқа мемлекеттік БАҚ ретінде бірден хайпқа айналмайтын әлеуметтік жобаларды дамытуға тура келеді. Бірақ, олардың тәрбиелік және ағартушылық қызметі бар. Олар әдебиет пен тарих саласындағы әлеуметтік жобалар», - деді вице-министр.