Кемеровода «жануарлар үйінде» 115 ит тірідей өртеніп кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иттер мен мысықтарға арналған "Верность" паналау орнының иелері өрт қасақана жасалды деп санайды.
Кемеров ауданы Ягуново ауылында орналасқан жануарларға арналған үйде өрттің шығуы туралы хабар төтенше жағдайлар қызметіне кеше, жергілікті уақыт бойынша сағат 23:26-да түсті. Құтқарушылар анықтағандай, жалын иттерге арналған торлы орындардың бірінен шығып, көрші құрылыстарға көшкен.
«Жануарлар үйін» ашқан Татьяна Медведева 115 ит тірідей отқа оранғанын, 25-і құтқарылғанын хабарлады. Сонымен қатар тілсіз жау салдарынан мысықтар да қырылған, олардың саны анықталу үстінде.
Татьяна Медведеваның сөзіне қарағанда, бұл оқиғадан бір апта бұрын меценаттардың бірі жануарлар үйіне жаңа ғимарат сыйлаған. Жануарларды жақын күндері көшіру жоспарланған болатын.