Кемінде 400-700 мың теңге жалақы – Министр автогрейдер мен асфальт төсеуші операторларды жұмысқа шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Көлік министрі Марат Қарабаев Премьер-Министрден неге 500 шетелдік жұмысшының квотасын реттеуге көмек сұрағанын түсіндірді.

строительство дороги
Фото: Көлік министрлігі

«Шетелден жұмысшы шақыртуға қандай қажеттілік туындап отыр? Қазақстандық мамандардың біліктілігі жетпей ме? Солай болса, ол қандай супержобалар? Шетелдік мамандарды қай елдерден алдырмақшысыздар?» - деп сұрады БАҚ өкілі.

Министр елде ондай мамандар бар, бірақ тапшы дегенді айтты.

«Қазақстандық мамандардың біліктілігінен бұрын саны жетпей тұр. Супертехнология болып тұрған ештеңе жоқ. Ол жақтағы автогрейдер немесе асфальт төсеуші техниканы жүргізетін арнайы операторлар керек. Ондай опералар болса кез келген уақытта жұмысқа алуға дайынбыз. Қай елде тиісті маман бар, сол елдерден тартылады. Мысалы, операторлар Қытай елінен, Армениядан немесе Түркиядан алдырылуы мүмкін», - деді ол.

Марат Қарабаев БАҚ өкілдерін аталған мамандық иелерін жол жобаларына тартуға шақырды.

«Тағы да ашық жариялаймын, осы саланы білетін кісілер болса, алуға дайынбыз. Жұмыстың басына барып келдік. Шынында соларды жүргізетін оператор Қазақстанда табылмай тұр. Бар болса, сіздер де жариялап, көмектесіңіздер. Барсын, жалақысы жақсы. Жақсы, білікті операторлар 400 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін алады. Одан да көп алатындар бар. Қаншалықты білікті маман болғанына байланысты», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар