Кен өндіретін кәсіпорын ең алдымен жергілікті халықтың пікіріне құлақ асуы тиіс - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақмола облысында уран мен алтын өндірісі бойынша жаңа кен орындарын игеруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кен өндіретін кәсіпорын ең алдымен жергілікті халықтың пікіріне құлақ асуы тиіс - министр

ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз мәслихаты барысында министрге Ақмола облысының Ақсу және Кварцитка ауылында уран мен алтын өндіретін жаңа кен орындарын игеру мәселесіне қатысты сұрақ қойылды.

Бұл жұмысты «Алтын Алмаз» компаниясы жүргізбек. Аталып өткендей, ол жерлерде уран мен алтынды ашық әдіспен өндіру көзделген.

Ол үшін жергілікті жұрт басқа жаққа көшуі тиіс болғандықтан халық тарапынан наразылық туындаған.

«Кез келген өндіріс ошағын кеңейту немесе жаңа өндіріс ошағын ашу үшін алдымен қоғамдық тыңдау өтуі тиіс. Сол қоғамдық тыңдау кезінде компания заманға сай үздік технологияларды қолданатыны дәлелденсе, қоршаған ортаға жағымсыз салдары аз екені белгілі болса, халық онымен келіссе – тек осындай кезде ғана министрлік ол өндірісті қолдай алады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.