Кен өндіруден өнім шығаруға дейін – «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-нің жаңа химия зауыты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС жаңа зауытының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кен өндіруден өнім шығаруға дейін – «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-нің жаңа химия зауыты

11 тамыз күні Сарысу ауданында «ЕуроХим» компаниялар тобының президенті Олег Ширяев Үкімет басшысына ірі химиялық кешеннің құрылыс барысымен таныстырып, жаңа кәсіпорынның әлемдік деңгейде жоғары санаттағы тыңайтқыш шығаратынын атап өтті.

Қазірдің өзінде «ЕуроХим-Қаратау» компаниясының тау-кен кешені базасында жылына 660 мың тоннаға дейін фосфорит өндіру, жылдық қуаты 640 мың тоннаға тең фосфорит ұнын шығару жолға қойылған. Инвестиция сомасы - 126 млн доллар.

Химиялық кешен аясындағы өндірістік қуат жылына 1 млн тоннадан кем емес дайын өнімді құрайтын болады. Компания жобаға 1 млрд доллардан астам инвестиция салып, қосымша 1 200 жаңа жұмыс орнын ашады.


«ЕуроХим-Қаратау» компаниясының кешенді тыңайтқышының құрамында азот, фосфор, калий бар және аграрийлердің барлық минералдық элементтерге деген қажеттілігін қанағаттандырады. Қайта өңдеудің арқасында біз өнімді сапалы маркада әзірлеп, бүкіл әлемге жеткізетін боламыз», - деп бөлісті Олег Ширяев.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанда аграрийлерге субсидия беру көлемінің артып келе жатқанын атап өтті.

«Мемлекеттік қолдаудың аясында ауыл шаруашылығында тыңайтқыш қолдану, өнімділікті ұлғайту қолға алынып, субсидиялау артуда. Бізде ішкі нарық болады. Сыртқы нарық та бар, ол жақта минералды тыңайтқыштарға үлкен сұраныс байқалады. Баға да жақсы көтеріліп келеді. Келешегі жақсы. Үкімет тарапынан сіз атап өткен қажетті қолдаудың бәрін аласыздар. Барлық мәселені шешуге болады», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Олег Ширяев Жамбыл облысы үшін жаңа өндіріс ошағы өңірдің дамыуына тың серпін беретінін атап өтті.


«Жаңа жұмыс орындарын құратын боламыз. Кәсіпорындарымызға барынша көп қызметкер тартуымыз үшін жаңа мамандықтар, оқу дайындығы қажет болады. Біз оған мүдделіміз. Өйткені, индустрияны дамыту, салық, әлеуметтік инфрақұрылым және адами фактор тұрғысында өңір үшін үлкен пайда бар екенін көріп отырмыз», - деді ол.

«ЕуроХим» компаниялар тобының президенті кәсіпорынды дамытудың әлеуметтік аспектісіне қатысты тоқталып, компанияның жұмысшыларға өте жақсы жұмыс жағдайын және әлеуметтік қорғауды ұсынуға ниетті екенін баса айтты.

«Біздің әлеуметтік топтамамыз бүкіл компанияда бірдей. Кез келген локация, тіпті ол Бразилияда, Еуропада, Қазақстанда не Ресейде болса да теңдей жағдай жасаймыз. Қызметкерлеріміз сақтандырылған. Спортты дамыту үшін көп дүние жасап жатырмыз. Бәсекеге қабілетті жалақымыз және компания ішінде мансап жолында өсуге мүмкіндік беретін зор оқыту бағдарламамыз бар. Қазіргі уақытта компанияда біліктілігі жоғары кадрларға сұраныс бар әрі олар ішкі ресурстар есебінен өзін-өзі дамытуға мүмкіндік алады. Мұнымен корпоративтік университет айналысады. Өте маңызды аспект – қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі. Олар өте жақсы қорғаныс құралдарын пайдаланып, денсаулыққа теріс әсер етпейтін жағдайда жұмыс істеуі тиіс», - деп атап өтеді ол.

«ЕуроХим» компаниялар тобының президенті «ҚазАқпарат» тілшісінің жанама өнімдер өндірісіне қатысты сауалына орай жаңа зауыт екі негізгі жанама индустриялық өнім өндіретінін атап өтті.

«Бұл – Қазақстанда жоғары сұранысқа ие күкірт қышқылы. Оны сатуға қатысты алдын ала уағдаластық та бар. Екіншіден, құрылыс компанияларымен өзара іс-қимыл мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Өйткені, жанама өнімдердің бірі жоғары тазартылған гипс болмақ. Оны панельдер мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге пайдалануға болады. Бұл - жоғары санатты, экологиялық тұрғыда таза және құрылыс индустриясына қажетті өнім», - деді Олег Ширяев.


Айта кетерлігі, жалпы жаңа зауыт салу жобасы Қазақстанның экспорттық әлеуетін ұлғайтуға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға септігін тигізеді. Әлемде баламасы жоқ инновациялық жоғары технологиялық өндірісті іске қосуға мүмкіндік береді.

«ЕуроХим» компаниясы Қазақстанда 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Сол жылы ол «Сары-Тас» АҚ акциясының мемлекетке тиесілі пакетін сатып алған болатын. Ол кезде зауыт 15 жылдан бері жұмыс істемей тоқтап тұрған еді. Компания барлық қарызын, салықтар мен зейнетақы төлемдерін төледі. Жұмысшылар жалақысын алды.

Бүгінде компания тұрақты түрде қайырымдылыққа қаражат аударып келеді. Қайырымдылық жарнасының сомасы 300 млн теңгеден асып түседі. Қаражат өңір және бүкіл республика тұрғындарына көмекке жұмсалады. Атап айтар болсақ, ЕуроХим Арыстағы жарыс салдарын жоюға (38 млн теңге), Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендерге (10 млн теңге) көмек көрсетуге, сонымен қатар Сарысу ауданының мектептерін, оңалту орталығын, аурухана мен басқа да мекемелерді жиһазбен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге қаражат бөлді.

Мұнан бөлек, кәсіпорын өңірді және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған әлеуметтік төлемдерді тұрақты аударып тұрады. Бүгінде әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 6,1 млрд теңгеге жетіп отыр.