Кен орындарын цифрландыруда мұнайшылар жұмыссыз қалмай ма
Бұл сұраққа ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс жауап берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Бұған дейін вице-министр елдегі мұнай кен орындары, жанар-жанарғамай бекеттері, мұнай өңдеу зауыттары цифрланатынын, қазақстандықтардың елдегі мұнай-газ қорлары мен өндірісін бақылай алатынын айтқан еді.
«Жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын. Себебі біздің цифрландыру бойынша жобаларымыз мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын жақсарту, жоғарылатуға бағытталған. Неге десеңіз, бізде басты мақсат – энергоресурстарды цифрлық есепке алу. Осы арқылы бизнесте энергоресурстың өңделуіне, тасымалдануына, жаратылуына байланысты өте көп салықтық міндеттемелер пайда болады», - деп жауап берді Б. Ілияс еордада өткен брифингте.
Оның айтуынша, аталған міндеттемелерді уақытылы есепке алып, салық органдары камералық тексерулерді тиімді жүргізуі үшін бұл есеп цифрлы түрде болуы керек.
«Өйткені бүгінгі күні кейбір бизнес өкілдері есепке алу қондырғыларын қоюдан жалтару амалдарын жасайтынын байқадық. Бұл есеп Үкіметке керек, салықтың көбірек түсуіне керек, жалпы халыққа керек», - деді министрлік өкілі.