Кен орнын пайдаланушыларға қатысты экологиялық жауапкершілікті күшейтетін заң жобасы Үкіметке енгізілді - Н. Әшімов
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елімізде бұдан былай экологиялық заңнама талаптарын орындамаған мұнай-газ компанияларына қатысты жауапкершілік күшейтілетін болады.
Бұл туралы бүгін Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Нұрғали Әшімов мәлім етті.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің экологиялық қауіпсіздігі тұрғысындағы қадағалау күшейтілгенін айта келе: «Біз Үкіметке экологиялық жауапкершілікті қатайтуға қатысты заң жобасын енгіздік. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске өзгерту енгізілетін болады. Егер де Қазақстан табиғатына келтірілген залал 130 млн. теңгеден асып түсетін болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі қозғалады. Осыны қаперлеріңізде ұстаған жөн»,- деді.
Ол бұл сектордағы қандай да бір компанияларға жеңілдіктер жасалмайтынын ескертіп өтті. Министрдің сөзіне қарағанда, Парламент талқылауына аталған заң жобасын биыл енгізу жоспарланып отыр. «Министрлік заңгерлік жұмыстарды күшейту нұсқауларын алды. Заңгерлер қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының орындалмауы салдары мемлекетке зиян келтіретінін барынша дәлелдеуге тырысады және айыптылар жазасын алады»,- деді Н. Әшімов.
Ірі компаниялар үшін 130 млн. теңгені төлей салу қатты ауырпалық емес екеніне тоқталған министр, сондықтан да экологиялық жауапкершілікті күшейту маңызды екенін жеткізді.