Кен орындарын игеруге құқық беру мерзімі қысқарды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында Геология саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуына қарағанда, бұл тұжырымдама жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған.
«KAZNEDRA ақпараттық платформасы пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Жер қойнауын пайдалану саласында нормативтік-құқықтық база түбегейлі өзгерді. Жер қойнауы мен геологиялық ақпарат барынша қолжетімді болды», - деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ол кен орнын ашқан компаниялардың құқықтарын қорғау күшейтілгенін еске салды.
«Лицензия беру тәртібі кен орындарын игеруге құқық беру мерзімін едәуір қысқартты.
Бүгін қаралып отырған тұжырымдама жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа шаралар ескеріле отырып, әзірленді.
Онда саланы цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру сияқты саланы дамытудың басым бағыттары көрініс тапқан», - деді Әлихан Смайылов.