Кең жолақты интернетті дамытпай тұрып, ақпараттық технологиялар саласында басқаға қол жеткізем деу бекер сөз - Премьер-Министр
АСТАНА. Қыркүйектің 17-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Қазақстан ІТ-компанияларының ІІ-съезіне қатысқан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Байланыс және ақпарат министрлігіне еліміздегі кең жолақты интернетті одан әрі дамытуды тапсырды.
Жиын барысында сөз сөйлеген Премьер-Министр елдегі интернетті дамыту мәселесін қозғай келе: «Кең жолақты интернетті дамытпай тұрып, ақпараттық технологиялар саласында басқаға қол жеткізем деу бекер сөз. Менің ойымша, біз бұл бағытта мүлдем артта қалып барамыз», деді.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы қазақстандық ақпараттық технологиялар саласы біршама артта қалып отырғанын еске салды. Мәселен, Үкімет басшысының пайымдауынша, еліміздегі ақпараттық технологиялар үдерісінде даму қарқыны байқалмайды. «Қазақстан халқы аз - 16 млн. айналасы, ал Беларустарда одан да аз - 10 млн. адам. Алайда, ІТ технологияның инновациялық ортасы бізден гөрі жоғары», деді К. Мәсімов.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы алдағы уақытта ұйымдастырылатын ақпараттық технологияларға қатысты кеңестің алғашқы отырыстарына ұдайы қатысып отыруға ниет білдірді. «Расында, бұл салаға үлкен демеу, қозғалыс қажет. Сондықтан да мен ақпараттық технологияларға арналған кеңестің алғашқы отырыстарына қатысып отыруға уәде беремін. Содан кейін үдеріс өзі ағынымен жүруі шарт», деді К. Мәсімов.