Кең жолақты интернетті KazSat арқылы таратуға болады - Талғат Мұсабаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев кең жолақты интернетті KazSat жер серіктері арқылы таратуды ұсынды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Бүгінде республика бойынша кең жолақты интернетті оптикалық-талшықты сымдар арқылы тартып жатыр. Бірақ ондай интернеттің жылдамдығы да, сапасы да жоғары болмайды. Бізде KazSat жүйесі бар емес пе? KazSat-1 бар, KazSat-2 бар. Аталған жер серіктері арқылы шалғай жатқан кез келген ауылға, кез келген тұраққа, кез келген қыстаққа сапалы интернетті жеткізуге болады. Сонда артық ақша шығарудың да қажеті жоқ», - деді Т.Мұсабаев Сенатта өткен жиында.

Оның айтуынша, KazSat жер серіктерінің сигналы өте сапалы. Интернеттің бағасын да айтарлықтай төмендетуге болады.

«Жер серіктері жұмыс істеп тұр. Соны пайдалана білуіміз керек. Әрине, Қазақтелекомның беделі бар шығар. Дегенмен, қолда бар нәрсені қолданған жөн», - деп атап көрсетті Т.Мұсабаев.

Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов те қатысты. Ол осы саладағы мәселелерді зерделеп шығатынын жеткізді.

«Шынымды айтсам, мен өзім жер серіктері арқылы интернетті таратуға болатынын білген жоқпын. Әрине, ондайда тиісті сұрақтар туындайды. Біз құзіретті органдармен бірлесіп, осы мәселені Үкімет деңгейінде, Президент Әкімшілігі деңгейінде көтере аламыз», - дейді О.Бектенов.

Соңғы жаңалықтар