Кендірліде құны 87 млрд теңге болатын су тұщыту зауыты салынады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кендірліде құны 87 млрд теңге болатын су тұщыту зауыты салынады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы 2024 жылдың соңына дейін Кендірліде тәуліктің қуаты 50 мың текше метр болатын су тұщыту зауыты құрылысын аяқтауды тапсырды. Осыған орай, мүдделі мемлекеттік органдармен, Маңғысту облысының әкімдігімен және «Самұрық-Қазына» АҚ-пен бірлесіп аталған тапсырманы орындау жөнінде жол картасын әзірледік. Әзірленген жол картасына сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстарын 2022 жылдың қарашасында бастап, 2024 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.
Оның атап өтуінше, жобаға «ҚазМұнайГаз» АҚ тапсырыс беріп отыр. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемеге арналған мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Қорытындыға сәйкес, жобаның жалпы құны 87,7 млрд теңгені құрайды.
«Жобаны жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асыру көзделген. Қазіргі уақытта жобаның әлеуетті инвесторымен келіссөз жүргізілді. Жоба уақытылы аяқталады», - деді бірінші вице-министр.