Кене шаққан 12 мыңға жуық адамға иммуноглобулин егілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кене шаққан 12 мыңға жуық адамға кене энцефалитінің алдын алу үшін иммуноглобулин егілді. Бұл кене шаққан адамдардың 90 пайыздан астамына дер кезінде шұғыл профилактика жасалғанын көрсетеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді.
— Кене шаққан адамдардың 90 пайыздан астамына шұғыл профилактика жүргізілді. Ал иммуноглобулин кейбір жағдайда егілген жоқ. Атап айтқанда, кене табиғи ошағы жоқ аумақта шақса, адам медициналық көмекке кеш жүгінсе, бұрын кене энцефалитіне қарсы вакцина алса, медициналық қарсы көрсетілімі болса немесе екпеден бас тартса, шұғыл профилактика жүргізілмейді, — деді Сархат Бейсенова.
Оның айтуынша, қазір кене энцефалиті таралған өңірлерде шамамен 16 литр иммуноглобулин қоры бар. Маусым аяқталғанға дейін бұл қор жеткілікті болуы үшін өңірлік денсаулық сақтау басқармалары қосымша 31 литрден астам иммуноглобулин сатып алуға өтінім берген.
— Кене энцефалитіне қарсы жоспарлы екпе табиғи ошақтарда жұмыс істейтін азаматтарға салынады. Олардың қатарында орманшылар, қорықшылар, геологиялық барлау мамандары, аңшылар және қызметіне байланысты табиғи ошақтарда еңбек ететін өзге де мамандар бар. Жыл басынан бері екпе алуға тиіс 29 730 адамның 9 мыңнан астамы вакцина алған, — деді ол.
Сархат Бейсенованың сөзінше, кене энцефалитінің табиғи ошақтарында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір еліміздегі барлық эндемиялық өңірде өңдеудің бірінші кезеңі аяқталды. Алматы қаласында, Алматы облысында және Жетісу облысында екінші кезең де аяқталды. Қалған өңірлерде жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес тамыз айының екінші онкүндігінен жалғасады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда кене шаққан 13 мыңнан астам адамның медициналық көмекке жүгінгені туралы жазған едік.