Кенеден сақтану үшін нені білген жөн - маман

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Көктемде - жәндіктер көбейеді. Соның ішінде ең қауіптісі - тас кенелер. Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев ҚазАқпарат тілшісіне вирустың белгілері мен кенеден қалай қорғану керектігі туралы айтып берді.
None
None

- Асхат Сәкенұлы, сөзімізді анықтамадан бастасақ кене энцефалиті дегеніміз не?

- Қысқаша айтқанда, энцефалит - бұл бас миының қабынуы.

- Кене энцефалиті маусымдық ауру ма?

- Кене энцефалитіне көктем-жаз мезгілдері тән, аурудың басталуы тасымалдаушылардың маусымдық белсенділігімен байланысты. Алматы облысында кене энцефалиті бойынша эндемикалық аймаққа Ақсу, Алакөл, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Райымбек, Кеген, Сарқан, Талғар, Ұйғыр аудандары мен Текелі және Талдықорған қаласы кіреді.

- Энцефалиттің белгілері қандай?

- Бұл бас ауруы, жүрек айну, құсу, дене қызуының жоғарылауы (дене температурасының 37 градустан асуы), құрысу, қозғалыс және сезу мүшелерінің бұзылуы болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда психикалық бұзылулар байқалады.

- Энцефалит вирусы адамнан адамға жұға ма?

- Жоқ.

- Егер энцефалит вирустардан туындауы мүмкін болса, онда оған қарсы екпе бар ма?

- Вирустық энцефалитіне қарсы екпе жасалады. Вакцинацияның жүргізілуі эндемемиялық аймақтар үшін жүргізілуі маңызды. Жалпы алғанда, үш вакцинация жасалады: екіншісі – біріншіден екі аптадан кейін, үшіншісі – екіншіден бір жыл өткен соң. Сонымен қатар, вакцинацияны екінші егу сәтінен бастап кенемен ықтимал кездесуге дейін кем дегенде екі апта өтетіндей етіп жоспарлау керек. Кене энцефалитіне қарсы екпенің тиімділігі 100%.

- Кене энцефалитіне қарсы вакцина кімге тегін жүргізіледі?

- Кене энцефалитіне қарсы тегін вакцинациялау эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жұмысы Алматы облысының эндемиялық аумақтарында болуымен және тұруымен байланысты тәуекел контингенттері үшін жоспарлы және шұғыл тәртіппен жүргізіледі. Вакцинаны тұрғылықты жері бойынша аумақтық емханалардан алуға болады.

- Аурудың алдын алуға бола ма?

- Кене энцефалитіне қарсы-вакцинация. Бұдан басқа, эндемиялық аудандарда жергілікті жердің ашық аумақтарында кенеге қарсы арнайы препараттармен өңдеу жүргізіледі. Табиғатқа барғаннан кейін кенені дер кезінде анықтап, денеден шығару үшін, сіз өзіңізді және өзіңізбен бірге барғандарды мұқият қарап шығуыңыз керек. Егер ол денеге еніп үлгерсе, сіз одан өз бетіңізше құтылуға тырыспаңыз, ең жақын жарақат орталығына немесе мамандар айналысатын кез – келген медициналық мекемеге барған дұрыс, денеде кененің ешқандай бөлігі қалмауы керек. Сондай-ақ, 72 сағат ішінде кенеге қарсы иммуноглобулин алу керек. Бұл препаратты уақтылы қабылдау кене энцефалитінің қаупін азайтады.

- Кенені денеден қалай алуға болады?

- Кенені шығару үшін жіпті пайдалануға болады. Бұл үшін тас кенені жіппен аса мұқият орау керек. Жіпті тас кененің денесі мен ол жабысып алған орынның арасын орап және тас кененің айналасын екі айналыммен орау керек. Пайда болған ілгекті оның мойнына сәл байлап, содан соң жіптердің шеттерін бір-біріне жалғап, екі саусақпен оны шиыршықтай бастау керек. Асығып, тез қимылдаудың қажеті жоқ. Бұл - ең қауіпсіз амал.

Кенені суырып алған соң шаққан орынды спиртпен, арақпен, зеленкамен немесе йодпен емдеу керек. Содан соң қолды сабынмен жуған жөн. Кенені суы бар қақпағы тығыз жабылатын шағын ыдысқа салып, зертханаға талдау жасауға апару қажет.

- Облыс бойынша кенелер қай аймақтарда жиі кездеседі?

- Алматы облысының 11 ауданы мен 2 қаласының аумағы кене энцефалиті бойынша қолайсыз (эндемиялық аймақ) деп танылған. Кене энцефалитін жұқтыру қаупі барлық жерде бар, оның ішінде ормандар, қала маңындағы аймақтар және қалалардың ашық аумақтары. Жыл сайын облыс тұрғындарының арасында кене шаққан 1-ден 10-ға дейін адам ауруы тіркеледі. Оның ішінде 1-2 жағдай өліммен аяқталды.

- Өңірде қандай іс-шаралар өткізіледі?

- Жыл сайын облыстың эндемиялық аумақтарында кене энцефалитіне қарсы қауіп-қатер контингенттері мен халыққа вакцинация жүргізіледі (шамамен 10 000 адам).

Ағымдағы жылы 11 аудан мен 2 қаланың эндемиялық аумақтарында алаңы 968 га жаппай демалу орындарында, ашық аумақтарда, тау бөктеріндегі аймақтарда кенеге қарсы зарарсыздандыру жүргізіледі.

Алматы облысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының паразитологиялық зертханасында кене шаққан адамдардан қан сарысуына, кене энцефалитіне және Лайм боррелиозға иммуноферменттік талдау әдісімен тегін негізде зерттеулер жүргізіледі, сондай-ақ жыл сайын эндемиялық аумақтардан кене энцефалиті бойынша кенелердің вирусофорлыққа зерттеулер жасалады.

Кене энцефалитіне, сондай-ақ кене шаққан адамдарды есепке алу және тексеру бойынша апталық мониторинг басталды. Наурыз айынан бастап табиғаттағы кенелер санының түрлік құрамына, маусымдық барысына энтомологиялық бақылау жүргізілуде.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар