17:44, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл толуына орай Астанада мерекелік шаралар ұйымдастырылды
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Ішкі істер министрлігінде Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл толуына орай мерекелік концерт өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шара барысында ішкі істер саласының қызметкерлері Ауған соғысында қаза болған азаматтарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады. Сонымен бірге Ауған соғысының ардагерлеріне арнап ән шырқалды. Сондай-ақ шара барысында соғыс жылдарындағы көріністерден сахналық қойылымдар, бейнефильмдер көрсетілді. Жиында Ауған соғысы ардагерлері мерекеге байланысты сөз сөйлеп, интернационалист -жауынгерлерді Кеңес әскерінің соғыс аймағынан әкетілуінің 20 жылдығымен құттықтады. Жиын барысында құттықтау сөз сөйлеген Ішкі істер органы мен ішкі әскерлер ардагерлері республикалық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков: «Осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын Кеңес әскері Ауғанстан жерінен әкетілді. 1989 жылдың ақпан айының 15-і біздің әлі есімізде. Бұл соғысқа 20 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Олардың 924-і сол жерде ерлікпен қаза тапты. Ал 21 жауынгер із-түзсіз жоғалып кетті. 1 мың 15 азамат соғыстың кесірінен мүгедек болып қалды. Сіздер ерлік пен бірліктің, Отанға деген махаббаттың өшпес үлгісін көрсете отырып, жауынгерлік міндеттеріңізді абыроймен атқардыңыздар. Сол арқылы өздеріңіздің ержүрек халықтың ұлдары екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Сол үшін де сіздерді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын», деді Ө. Болсамбеков. Оның айтуынша, Ауған жеріндегі соғысқа ішкі істер саласы мен ішкі әскердің 1 мыңнан астам қызметкері қатысқан. Олардың бірқатары зейнет демалысында болса, 72 азамат ішкі істер саласында әлі күнге дейін қызметтерін жалғастыруда. Естеріңізге сала кетейік, Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған аталмыш шара ТМД елдерінің арасында алғаш рет қолға алынып отырған «Біз интернационалистерміз» атты акцияның аясында ұйымдастырылып отыр. Осыған орай, бүгін Ауғанстанда мерт болған азаматтардың Астанадағы мемориалына гүл қойылып, оларды еске алуға орай үш дүркін оқ атылып, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ ардагерлер Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайын аралап, мерекеге арналған дастарханнан дәм татты.