Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаевты еске алуға арналған самбодан халықаралық турнир мәреге жетті

ҚЫЗЫЛОРДА. 9 мамыр. ҚазАқпарат  - Қызылорда облысы Жосалы кентінде Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған самбо күресінен халықаралық турнир мәреге жетті.
None
None

Биыл он жетінші мәрте өткізіліп отырған бұл турнир бірнеше жылдан бері халықаралық самбо федерациясының күнтізбелік жоспарына енгізілген. Сондықтан онда жеңімпаз атанғандар бірден спорт шебері атағын алады. Осының өзі жан-жақтан жиналатын жас самбошылар үшін үлкен серпіліс болып табылады. Өз кезегінде бұл турнирдің жыл сайын қатысушыларға толы өтуіне себепкер болуда.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Қармақшы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев бұл мемориалдың спорттық рухты көтеріп, жігерді тасытқаннан басқа, жұртты салауатты тұрмыс салтына баулу тәрізді насихаттық бағыты да бар екеніне назар аударды.

 Турнирде Қызылорда облысының намысын Қармақшы ауданының самбошылары қорғады. Олар бұл сенімді молынан ақтап, командалық бірінші орынды қамтамасыз етті. Турнирдің жеңімпазы атағына қармақшылықтар Бауыржан Райысов, Қайрат Жалғасбаев, Ержан Абдуллаев және Жасұлан Досымов қол жеткізді. Қалған бас жүлделерді өз салмақтары бойынша тәжікстандықтар Акмалиддин Каримов пен Мустафо Хасанов, жамбылдықтар Ертуған Төренов пен Бейбіт Ыстыбаев олжалады. Тағы бір алтын медаль ақтөбелік Темірлан Қалдыбаевтың қанжығасында кетті.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша турнирдің соңы қазақ күресінен абсолютті чемпион атағын анықтау сайысына ұласты. Онда тараздық Бейбіт Ыстыбаевтың бағы жанды. Барлық қарсыласын ұтқан оған бір миллион теңге көлемінде жүлде табыс етілді. Турнирде самбодан чемпион атанғандар мен жүлдегер танылғандар да қомақты қаржылай сыйақылар алды. 

Соңғы жаңалықтар