Кеңес Одағының маршалы Виктор Куликов дүниеден өтті

Бұл туралы РБК РФ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлады. Маршал ауыр және ұзаққа созылған науқастан кейін қайтыс болды.
Онымен қоштасу рәсімі 31 мамырда РФ Қарулы Күштерінің Мәдениет орталығында өтеді. В.Куликов Новодевичье қорымына жерленбек.
В.Куликов 1921 жылы 5 шілдеде Орел облысының Новодеревеньков ауданында Верхняя Любовша селосында дүниеге келген. Грозный әскери-жаяу әскер училищесін, офицерлік Жоғары броньды танк мектебін, М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны, Бас штаб Әскери академиясын және оның жанындағы академиялық курсты бітірген.
Ұлы Отан соғысына белсене қатысушы, Оңтүстік-Батыс, Калинин, І-ші Прибалтика және 2-ші Беларусь майдандарындағы ұрыстарға қатысты. 1943 жылғы ақпаннан 1945 жылғы мамырға дейін арнайы танк бригадасының бастығы және штаб бастығы болды.
1971 жылғы қыркүйектен 1977 жылғы қаңтарға дейін КСРО Қарулы Күштері Бас штабының бастығы - Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 1977-1989 жылдары - КСРО қорғаныс министрінің бірінші орынбасары және Варшава шарты қатысушы-мемлекеттері Біріккен күштерінің бас қолбасшысы қызметтерінде болды.
Бүгінгі күні Кеңес Одағының екі маршалы: Василий Петров пен Дмитрий Язов қана тірі жүр.