Кенесары хан туралы фильм түсірілді

Оны «Кенесары хан» қоғамдық қорының қатысуымен «Скиф» студиясы ұйымдастырып отыр. Ұзақтығы 1 сағат болатын бұл фильмнің сценарийі Ермахан Бекмахановтың «Қазақстан 19-ғасырдың 20-40 жылдары» кітабы мен мұрағаттық және тағы басқа да материалдар бойынша құрылған. Оның авторы және қоющы-режиссері Жазушылар одағының мүшесі және халықаралық кинофестивальдерде жеңімпаз болған бірқатар көркем фильмдері жасаған Марат Қоңыров.
Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген болатын. 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі парасатты әмірші, даңқты қолбасшы, жаужүрек батыр ретінде есімін тарихта мәңгі қалдырды. Абылай ханның немересін 1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері ақ киізге көтеріп Қазақ халқының ханы етіп сайлаған еді. Оның өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақын «Кенесары - Наурызбай» дастанын шығарса, ХХ ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын, 60-жылдары И.Есенберлин «Қаһар» романын жазды.
Өз жақтастарының опасыздығы салдарынан 1847 жылы Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында көз жұмған Кенесары ханның ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болуда.
Оны ерлігін досы түгіл, дұшпаны да мойындап, шетелдік зерттеушілер өз бағасын берді. Мәселен ағылшын Томас Аткинсон: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән» десе, Ресейдің әскери тарихшысы В. Потто Кенесарыны қазақтардың Шәмілі деп атаған.