«Кенесарының денесі Есім хан ордасының жанына жерленген» деген мәліметті тексеру қажет - Е. Исақұлов
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің атына сауал жолдаған депутат Ержан Исақұлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданына қарасты Кенесары ауылында Есім ханның ордасының орны бар. Қазақ халқының тағдыры мен тарихында Есім ханның алар орны ерекше екені мәлім. Атақты хан ұлттық тарихымыздың ең ауыр жылдары қазақ тайпаларының басын біріктіріп, жоңғар басқыншыларына күйрете соққы берді. Қазақ хандығын орталықтандырған қуатты мемлекетке айналдырды. Ол халқымыздың жадында «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастаны арқылы мәңгілікке сақталып қалды. Ал көнекөз қариялардан жеткен әңгімелер бойынша Есім хан ордасының жанындағы қорымда қазақтың азаттығы үшін күресте құрбан болған Кенесары ханның денесі жерленіпті-мыс», деді Е. Исақұлов. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін хан ордасында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмегенін айтқан депутат, Кенесары хан туралы мәліметті де тексеру қажеттігін алға тартты.
«Бұндай игі шараларды шешуге Үкіметтен қолдау жасалса», деді ол.