Кенеттен қайтыс болған сенатор Гүлмира Кәрімованың орнына 3 кандидат ұсынылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысынан Сенат депутаты болып сайланып, мезгілсіз көз жұмған Гүлмира Кәрімованың мандатын иеленуге ниетті 3 кандидат құжат тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кенеттен қайтыс болған сенатор Гүлмира Кәрімованың орнына 3 кандидат ұсынылды

«24 сәуірде Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясына ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған 3 кандидаттан құжат келіп түсті:

Махиня Евгений Сергеевич;

Есдәулетов Жақсылық Төлеуұлы;

Жалғасбаев Біржан Нұрмаханұлы.

Кандидаттардың ҚР Конституциясының және «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігі анықталып жатыр», - делінген әкімдіктің ресми сайтында жарияланған хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, 27 қаңтарда жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова кенеттен қайтыс болды. Оған алдын ала «анафилаксиялық шок» деген диагноз қойылды. Дегенмен, кейін Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Гүлмира Кәрімованың өліміне тікелей себеп жүрек талмасы екенін мәлім етті.

Кейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров Гүлмира Кәрімованың орнына жаңа сенатор сайлау қашан өтетінін мәлім етті.