«Кенеттен жүйке ауруына ұшыраған» лауазымды қызметтегілер арасында 3 әкім бар - ҚР Бас прокуроры

АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 қазанда ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен алқа мәжілісі болып өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.

«Кенеттен жүйке ауруына ұшыраған» лауазымды қызметтегілер арасында 3 әкім бар - ҚР Бас прокуроры

Жиында 2005-2013 жылдар аралығында және 2014 жылдың 8 айында қылмысты жасаған соң жүйке ауруымен сырқаттанып қалған адамдарға медициналық шараларды мәжбүрлеп қолдану деректері бойынша қозғалған қылмыстық істердің заңдылығының жай-күйіне жасалған талдау қорытындылары талқыланды.

Алқа жұмысына Жоғарғы Соттың, Ішкі істер министрлігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілдері және бейнеконференциялық байланыс арқылы облыс прокурорлары қатысты. Отырыста қылмысты жасаған соң жүйке ауруымен сырқаттанып қалған адамдарға медициналық емдеу шараларын мәжбүрлеп тағайындау турасындағы сот тәжірибесіне Бас прокуратураның жүргізген тексерістерінің қорытындылары талқыланды. Бас прокурор осы санатқа жататын сот актілерінің заңдылығын қамтамасыз етудің, қылмыс жасаған соң дереу жүйке ауруына ұшыраған кінәлі адамдардың қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеудің өзектілігін атап өтті. Қылмыстық іс уақытша тоқтатыла тұруы керек, ал кінәлі адамдар сауыққан соң сот алдында жауап берулері тиіс. Алайда жазаның бұлтартпастығы қағидасы әрқашан жүзеге аса бермейтіндігі тексеріс барысында белгілі болды. Сот тәжірибесін зерделеу кезінде қылмыс жасады деп айыпталып отырған адамдардың жауапкершілік пен жазадан жалтарып кетуіне әкеліп соққан біршама бұзушылықтар анықталды. Қылмысты жасаған соң жүйке ауруымен сырқаттанып қалған 35 адамның 21-і ауыр, 9-ы аса ауыр қылмыс жасаған. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі Алматыда (8 адам), Оңтүстік Қазақстан (7) және Алматы облыстарында (6) орын алған. Тергеу барысында «кенеттен» жүйке ауруына ұшыраған 11 адамның қылмыс жасаған сәтте мемлекеттік органдарда ұзақ уақыт бойына лауазымды қызмет атқарып келгендігі анықталған. Олардың арасында 3 әкім, 3 әскери қызметші, 2 бас дәрігер, 2 бухгалтер және 1 поезд бастығы бар. Талқылау қорытындысы бойынша Бас Прокурор аталған санатқа жататын істер бойынша соттар жіберген заң бұзушылықтарды анықтау туралы Жоғарғы Сотқа хабарлауды тапсырды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысы бар адамдарды мәжбүрлеп емдеу мерзімін созу туралы денсаулық сақтау мекемелері ұсыныстарының негізділігін мұқият зерттеу қажеттілігіне назар аударды.