Кенияда лай көшкінінен 30-ға жуық адам көз жұмды
НАЙРОБИ. ҚазАқпарат - Кенияда қолайсыз ауа райынан болған лай көшкіні салдарынан 29 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.
Батыс Покот округіндегі Ньяркулян мен Паруа елді мекендерінде, Угандамен шекараға жақын маңда болған көшкі толассыз жауған жаңбырдан туындаған.
Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, ауылға баратын жолдарды су басып, бір көпір құлаған.
Президент Ухуру Кеньятта қаза тапқандардың туыстары мен достарына көңіл айтты.
Сондай-ақ, Кеньятта өз мәлімдемесінде округтің инфрақұрылымына айтарлықтай залал келтірілгенін атап өтті. Ол осы аудандағы қарулы күштер мен құтқару қызметіне зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды.
Бастапқы дерек бойынша, қазіргі уақытта қаза тапқандардың арасында жеті бала бар.
Елдің ішкі істер министрі Фред Матианги құтқару операциясының «жалғасып жатқанын», «қолайсыз ауа райы» көшкін салдарынан келтірілген залалдың көлемін толық бағалауға кедергі келтіріп жатқанын мәлім етті.
Әлеуметтік желілерде тарап жатқан суреттерден округтің көшелеріндегі қираған ағаштарды, лай суды және үйінділерді көруге болады.
18 қарашада Кения метеорологиялық қызметі жаңбырдың толассыз жауатынын ескертіп, көшкін қаупі бар аудандардағы тұрғындарға «жоғары деңгейде дайын болуға» кеңес берді.
Соңғы апталарда Африканың шығыс бөлігіндегі көптеген елдерде жаңбыр жауып жатыр.
Көшкін мен кенеттен болған су тасқыны салдарынан Эфиопия мен Танзанияда адамдар қаза тауып, Сомалиде жүздеген мың адам үй-күйсіз қалды.