Кениядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 289-ға жетті
НАЙРОБИ. KAZINFORM – Кенияда бірнеше апта бойы жауған нөсер жаңбырдан қаза тапқандар саны 289-ға жетті, соңғы 24 сағатта 12 адам қаза тапты. Бұл туралы ел билігі сейсенбі күні хабарлады, деп жазады Синьхуа.
Кения Ұлттық үкіметінің ішкі істер және үйлестіру министрлігінің мәліметінше, нөсер салдарынан болған жойқын су тасқыны мен көшкіннің салдарынан 285,6 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, тағы 412 336 адам ауа райының қолайсыздығынан зардап шекті.
«Су тасқынынан ең көп зардап шеккен секторлар көлік, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы болды», – делінген билік өкілдерінің Кенияның астанасы Найробиде жасаған мәлімдемесінде.
Қазір билік органдары бұзылған жолдардың жағдайын бағалауда және магистральдардың маңызды учаскелерін қалпына келтіру және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін ресурстарды жұмылдыруда.
Атап өтілгендей, су тасқынынан болған үлкен шығын салдарынан кейбір мектептердің жұмысы тоқтап тұр.
Айта кетейік, бұған дейін Кенияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 154 адамға жеткені туралы жазған едік.