Кеншілердің жалақысын салықтың есебінен ұлғайту қажет - Радостовец
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеншілердің жалақысын өзін өзі жұмыспен қамтығандарға салық салу есебінен ұлғайту қажет. Мұндай пікірді бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан VIII Халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында ҚР Тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Родостовец білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта қаржылық жүктемені төмендету қажет пе деген мәселені талқылаудамыз. Өйткені, елімізде шамамен 3 млн өзін өзі жұмыспен қамтыған адам бар. Олар мүлдем ештеңе төлемейді. Көпшілігі, үй шаруашылығымен айналысады, құрысшылар әйтеуір бір жерден қаржы табады. Меніңше, жаңа Салық кодексінде осы адамдардан мемлекет тым болмағанда жылына 50 мың теңге алатындай мүмкіндік жасау қажет. Металлургтың, кеншінің жалақысынан кәсіпорыннан өте көп сома ұсталады. Ал адамдардың жоғары айтқан тобы қоғамда мүлдем көрінбейді. Олар бір жерлерден ақша табатындығы айқын. Шындығына келгенде бұл әділдік емес», - деді ол конгресс аясында БАҚ өкілдеріне.
Оның атап өтуінше, кадр тапшылығы байқалып отырған тау-кен металлургия саласындағы жалақыны көтеру оның тартымдылығын арттыра түседі. Бүгінде бұл салада сервистік компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлерді қоса алғанда шамамен 1 млн адам жұмыс істейді.
«Шахтер, металлург болу жақсы екендігін қоғамға білдіру қажет. Әйелдері күйеулеріне: шахтерлікке бар, ол жақта жақсы жағдай жасалған, деп айтуы тиіс. Мұны естігендеріңіз бар ма? Барлығы да заңгер бол, брокерлік жұмысқа тұр, деп жатады», - деді Родостовец.