Кентау қаласының тұрғындарына жылу мен жарық бағасы қайта есептеліп берілуі қажет – Ұласбек Сәдібеков
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Кентаулықтар қыс бойы жылудың жоқтығынан тоқ пештерін пайдалануға мәжбүр болды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібековтың айтуынша биылғы қыс мезгілінде кентаулықтар өте қатты қиналды. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін №5 жылу энерго орталықтан шыққан ақау салдарынан желтоқсан айынан бері қалаға сапалы жылу берілмеген.
«Бұл ең алдымен қарияларға, сәбилерге қиын. Жылудың жоқтығынан олар төсекте қабат-қабат көрпені жамылып жатуға мәжбүр. Тоқ пештерін қосып, жан бағып жатыр. Бүгінде кентаулықтермен сөйлестім. Олар суық үйде отырғандарына ренішті. Сондай-ақ, сапасыз жылуға толықтай төлемақы келіп жатқанына наразы. Себебі, тоқ пештерін қосқандықтан, жылуға ай сайын 30-40 мың теңгеден ақы төлеп жатыр. Жергілікті әкімдік бұл мәселені бір жақтама шешу керек деп ойлаймын. Не жылуға төлесін, не жарыққа төлесін» - деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, Ұласбек Сәдібеков қазіргі кезде қала мектептері жылудың жоқтығынан онлайн оқытуға жіберілгенін мәлімдеді.
«Қала әкімі Жандос Тасовпен сөйлескенімде орталықтағы қазандықтардың қалыпты жұмыс істеуі үшін бар күш жігер жұмсалып жатқандығын айтты. Бізде халықтың жанайқайын билікке жеткізу мақсатында тиісті министрліктерге депутаттық сауалдар жолдап жатырмыз. Жалпы, халыққа қазір ең алдымен жылу қажет болып тұр» - деді ол.