Кентау қаласы табиғи газбен толық қамтылады
Бұл мақсатта қазынадан 3 млрд 842 млн теңге жұмсалып, өткен жылы құбырлар тарту жұмыстары аяқталды.
Сала мамандарының сөзінше, құрылыс монтаж жұмыстары мен электр жүйелері де жүргізілді. 1 трансформатор, 5 жайтартқыш, 1 прожекторлы діңгек орнатылды. Бүгінгі таңда Кеншілер қаласы мен Хантағы ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 67,8 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті орындарға тапсырылған. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы 3 кезең бойынша іске асырылып, қалаға газ беру ісі жүзеге асатын болады.
Бұдан бөлек, қалаға қарасты Қарнақ, Құшата және Байылдыр ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеуге 33,8 млн теңге қаржы қаралып, жұмыс жобалары ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде.
Айта кетейік, бүгінде елдімекендерді газдандыру жұмыстарына облыс әкімі ерекше назар аударып келеді. Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен 2017-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, өткен жылы өңірде 300 елді мекен газдандырылды. Жоспарға сәйкес 3 жылдың ішінде қосымша 383 мекенге «көгілдір отын» жеткізілмек. Бұл мақсатқа бюджеттен 13 миллиард 400 миллион теңге қаржы бөлініп, жыл бойына 89 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Ал ағымдағы жылы облыста табиғи газбен қамтамасыз ету саласында 67 нысанның құрылысы жүргізіліп, 42 елді мекенге көгілдір отын жеткізіледі деп күтілуде.