Кентау маңында жеңіл көлік «Газельмен» соқтығысып, 7 жолаушы жарақат алды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жолаушылар тасымалдайтын «Газель» жеңіл автокөлікпен соқтығысып, жеті жолаушы жарақат алды. Жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында жан тәсілім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ІІД баспасө қызметінің мәліметінше, жол көлік оқиғасы кеше Кентау - Түркістан тас жолының бойында орын алған.
«Ауди» автокөлігінің 43 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сөйтіп Кентаудан Түркістанға қарай келе жатқан «Газель» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Ауди» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Ал жолаушылар тасымалдайтын көлікте болған 7 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.
«Аталған жайт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабымен тіркелді. Сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде» делінген хабарламада.