«Кентау – жер жәннаты»: Тұрғын қаланың қысқы көрінісі бейнеленген суреттер жариялады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Кентаулық тұрғын қысқы кейіпке енген кеншілер қаласының суреттерін желіге жүктеп, #Qazalemi хэштегімен жариялаған байқауға қатысты.

Жанна Әмірханқызы әлеуметтік желіде белсенді. Әрдайым өзі тұратын қаладағы жаңалықтармен бөлісіп отырады. Сондай-ақ, желіге мағыналы жазбалар жариялап, орамды ойларын ортаға салып тұрады. Сондықтан болар, Жаннаны жергілікті тұрғындар мен әріптестері қала жанашыры деп біледі.

– Кентау қаласы мен үшін жер жәннаты деп білемін. Мұнда өзім еңбек етіп жатырмын. Ұл-қыздарым балабақшада, мектепте сабақ оқып, білімдерін жетілдіру үстінде. Кентауда өсіп өндім, жастық шағым өтті. Осында келін болып түстім. Сондықтан қала мен үшін өте ыстық, - дейді ол.
Жаннаның Instagram желісінде #Qazalemi хэштегімен жариялаған суреттерінен Кентау қаласының қысқы кейіпке оранған көшелерін көруге болады.

Айта кетейік, бұған дейін танымал актер әрі продюсер Нұрлан Қоянбаев Instagram желісіндегі парақшасында Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай байқау ұйымдастырған болатын.

Қатысушылар өз аймағындағы қыс келбетін және қысқы, көрікті жерлерді сурет пен видеоға түсіріп, #Qazalemi хэштегімен әлеуметтік желіге жүктеуі қажет.

Ең креативті жұмыстардың авторларына сыйлықтар — жаңа смартфондар мен шипажайға жолдама беріледі. Байқау қорытындысы 27 желтоқсанда жарияланады.
Айта кетейік, бұдан бұрын туған жердің табиғатын әлеуметтік желі арқылы танытып жүрген Төлеби ауланының тұрғыны жайында жазған болатынбыз.