Кентауда 1 тонна бауырсақ таратылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- Бүгін Түркістан облысындағы аудан, қала тұрғындары Әз-Наурыз мерекесін атап өтіп жатыр.
Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі Кентау қаласында жоғары деңгейде өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары орталық алаңға орнатылған киіз үйлерде наурыз көже ішіп, наурыз дәмнен дәм татты. Ал, жастар қол күрес, арқан тарту, қазақша күрес, кір тасын көтеру секілді ұлттық спорттық ойындарға қатысып, бақ сынады. Әсем әндер орындап көрермендердің ықыласына бөленді.

«Бауырсақ fest» аясында қала тұрғындарына 1 тоннаға жуық бауырсақ таратылды. Аспаздар ұлттық тағам әзірлеуден сайысқа түсті.

Қошқар көтеру жарысына да қатысушылар көп болды. Сайыс тартысты да қызықты өтті. 36 келілік қошқарды 186 рет көтерген Кентау гуманитарлық техникалық колледжінің ұстазы Әділбек Қайырбеков бас жүлдені иеленіп, қошқарды сыйға алды.

Сәні мен салтанаты жарасқан сахнада қала әкімі Жандос Тасов пен қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов көпшілікті наурыз мерекесімен құттықтады.

Іс шара мерекелік концертпен жалғасты.