Кентауда 8 бесікті қатар тербеткен ана тұрады

Ана
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Тастанды сәбилерді тәрбиелеп өсірген Кентау қаласының тұрғыны Гүлжаһан Керімбайқызы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды Kazinform.

Ел егемендігін алған алғашқы жылдары кентаулық Жұмашевтар әулеті «АрНұр» атты отбасылық балалар үйін ашты. Басты мақсат – тастанды сәбилерді қамқорлыққа алу болатын. Отағасы Ысқақ Тұрғанбайұлының бастамасымен қолға алынған игілікті істі зайыбы Гүлжаһан да қолдады. Сол кезде отбасылық үлгідегі балалар үйіне 13 тастанды сәби қабылданды. Олардың 8-і бесіктегі құндақтаулы бүлдіршіндер болса, қалғандарының жасы әлі бірге толмаған періштелер еді. Кейіннен 2 бала туған аналарымен қайта қауышты. Ал 7 сәбиді бала иісін аңсаған өзге отбасылар бауырына басты. Қалған 4 қыз қазіргі кезде Жұмашевтар әулетінің мүшелері.

«Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар ғой. Өте қиын кезеңдерді бастан кешірдік. Алғашқыда «қалай болар екен» деп қорыққанымыз рас. Дегенмен, тәуекел еттік. Бірден сегіз бесікті қатар тербеткен кездерім болды. Балалардың біреуі қарны ашып жыласа, біреуінің ұйқысы келеді. Баршасын жұбатып жүргенде таң ата бастайтын. Содан жолдасым екеуміз кезекпен-кезек жұбатып жүріп, ұйықтайтынбыз», - дейді Гүлжаһан Керімбайқызы.

Бүгінде қыздардың барлығы жоғары оқу орындарын бітіріп, әртүрлі салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, баршасы тұрмыс құрып, бір-бір үйдің ибалы келіні атанып отыр.

«Қыздарым немерелерімді алып келіп тұрады. Барлығы тәтті. Бұрынғы сәттерді тек күліп қана еске аламыз», - дейді ақ жаулықты әже.

Ысқақ Жұмашев көп жылдар бойы денсаулық сақтау саласында еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң, жеке кәсіппен айналысты. Қалалық ақсақалдар алқасын басқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Гүлжаһан Керімбайқызы да ақ халатты абзал жан. Жұбайымен бірге дүниеге әкелген 3 ұл, 2 қызды адамгершілігі мол, иманжүзді жандар етіп тәрбиеледі. Бүгінгі күні әрқайсысы елдің дамуына қызмет етіп келеді.

Ана
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Атап айтар болсақ, дәрігерлер отбасының тұңғыш ұлдары Арман - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаз, ғалым, профессор. Ал, екінші ұлы Нұржан Кентау қаласындағы сурет мектебінің директоры болса, қызы Шолпан - Ататүрік атындағы №4 мектеп-лицейдің мұғалімі. Ержан әкесі мен анасының жолын қуып, дәрігер болған. Қазір Кентаудағы орталық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарады. Ал, Балжан есімді кенжелері Астанада УЗИ дәрігері болып еңбек етуде.

«Жолдасым әрдайым жақсылық жасауға асығып тұратын адам еді. Амал нешік, 80 жастан асқан шағында өмірден өтті. Көзі тірі кезінде «Алтын жүрек» номинациясының және Республикалық «Мерейлі отбасы», «Алтын шаңырақ» байқауларының жүлдегері атандық. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Қазір барлық іске балаларым қамқорлық танытады», - дейді Гүлжаһан Керімбайқызы.

Жуырда Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасына» 10 жыл толуына орай өңірде «Аялы әже» форумы өтті. Онда ұлттық тағамдар мен дәстүрге, қолөнерге арналған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ел ішінде ерен еңбегімен танылған, дәстүрімізді дәріптеп жүрген әжелер «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің грамотасымен марапатталды. Еңбегімен елге танылған әжелерге әртүрлі номинациялар берілді. Солардың ішінде, 8 бесікті қатар тербеткен, «Алтын жүрек» номинациясының иегері Жұмаш Гүлжаһан Керімбайқызы Гран-при иегері атанып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Ана
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

«Менің бар бақытым балаларым, қыздарым. Солар аман болса – мен бақыттымын. Аталары жақсы тәлім-тәрбие беріп, бағыт бағдарларын айқындап берді. Қазір сол жолмен жүріп келеді. Немерелерімді бетінен сүйіп, шөберелерімнің алақанынан май жалап отырған мен бақыттымын» - дейді Гүлжаһан Керімбайқызы.

Соңғы жаңалықтар