Кентауда ең ұзын Конституция кітабын жасаған ұстаз тұрады
Тұрар Мәдениетұлы 2014 жылы ҚР Конституциясы күніне орай ең ұзын Конституция кітабын жасап шықты. Ұзындығы 200 метр, ені 80 сантиметр болатын кітап Шымкенттегі баспаханада басылды.

«Тек баспадан басып шығарудың өзіне 12 сағат уақыт кетті. Оның жиектерін жабыстыруға 10 күндей уақыт жұмсадым. Қазақ және орыс тілдерінде жасалған кітап 200 парақ болды. Бірде-бір қатесі жоқ. Кейін кітапты Кентаудағы Тәуелсіздік аллеясында арнайы жайып, тұрғындардың назарына ұсындым», – дейді ол.

2015 жылы Тұрар ЕАЭО мүшелігіне енген елдердің астаналарына барып келді. Ешқандай демеуші іздемей-ақ, жылына бір рет алатын еңбек демалысының ақшасын ел, жер көруге жұмсады.

«Жазғы еңбек демалысымды алдым да бірден астанаға жол тарттым. Кейін Мәскеу мен Минскіге барып келдім. Алғашқыда бір өзім болғандықтан аздап қобалжыдым. Кейіннен бойым үйреніп кетті. Қала орталықтарында жүріп еліміз жайында ақпараттар жазылған кітапшаларды, газеттерді және жалаушаларымызды тараттым. Қариялармен әңгімелесіп, Қазақстан туралы айтып бердім. Оларда біздің еліміз туралы жақсы пікір білдірді. Сапардан алған әсерім керемет. Ел көрдім, жер көрдім. Көптеген мәселелерді көңілге түйдім. Көрікті жерлерді фотоға түсіріп, Кентауға келген соң арнайы фотокөрме өткіздім», – дейді ерікті.

Тұрар Омаров Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектепте жұмыс істейді. Қызметін қарапайым мұғалімдіктен бастаған ол, бүгінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда. Одан бөлек тарих сабағынан дәріс береді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.

Мәселен, өткен жылы оқушылар арасынан еріктілер тобын құрды. Содан, жас еріктілермен бірге ардагер ұстаздардың үйлеріне барып, қариялардың үй-ішілік шаруаларын атқаруға қолғабыс етті. Сондай-ақ, жас ұстаз тарих пәніне арналған тест кітапшасын да құрастырып қойған. Алдағы уақытта оны да жарыққа шығарып, оқушыларға тегін таратуды жоспарлап отыр.

«Жалпы жастармен жұмыс елімізде жақсы жолға қойылған. Тәрбиелі, білімді жастар өсіп келеді. Дегенмен, «бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» демекші, арасындағы кейбір бұзықтың бір ісі бүкіл жұмысты жоққа шығаратыны бар. Олардың да тәрбиесін түзеу мақсатында көптеген жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Қазір, бала тәрбиесімен Әкелер кеңесі, Аналар кеңесі, мектеп, ата-аналар жұмыс істеп жатыр. Жалпы, мектепте ер мұғалімдердің аздығы да бала тәрбиесіне көп әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан, білім ордаларында ер мұғалімдерді көбейту қажет» - дейді ұстаз.

Тұрар Мәдениетұлының ұстаздық жолда жеткен жетістіктері көп. 2014 жылы қалалық тарих пәні мұғалімдері арасында өткен қалалық олимпиадада II орын, 2019 жылы тәрбие ісі саласы қызметкерлерінің арасында өткен байқауда I орын, 2020 жылы мұғалімдер арасында өткен қалалық пән олимпиадасында III орынды жеңіп алды.
Кентау қаласының 65 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталды.

«Бүгінгі ұстаз жаңашылдыққа бейім болуы керек. Ақпараттың сәт сайын өзгеріп жатқан тұста қоғаммен байланысты үзуге болмайды. Сондықтан әрбір жаңалықтан хабардар болып, қоғамдық істерге араласып отырған дұрыс. Қазір жағдай жақсы. Ұстаздарға мемлекетімізде үлкен қолдау көрсетілуде. Жалақылары да жоғарылап келеді. Тесттен өтіп, деңгейін көтерген, біліктілігін жоғарылатып, жақсы жұмыс істеген ұстаздар жоғары жалақы алуда. Сондықтан, тек жақсы жұмыс жасау керек» - дейді Тұрар Омаров.





