Кентауда халықты жұмыспен қамту шаралары қарқын алды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Елімізде «Әлеуметтік кодекс» өз күшіне енгеннен кейін жұмыс күшіне байланысты сұраныс пен ұсынысты талдап, еңбек мобильділігін қамтамасыз етіп отыратын орталықтар ашылды. Яғни, бұған дейін жұмыс істеп келген халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап» орталығы болып қайта құрылды.

Кентау қалалық Мансап орталығы
Фото: Кентау қалалық Мансап орталығы
Жақсылық Қайдаулов
Фото: Кентау қалалық Мансап орталығы

Кентау қалалық «Мансап» орталығының директоры Жақсылық Қайдауловтың мәлімдеуінше, орталық ең алдымен жұмыссыз жүрген азаматтарды есепке тіркейді. Сонымен қатар, жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздардың тұрақты жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізеді. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізіп, халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырады.

Жалпы қоғам үшін мұндай бастамалардың пайдасы өте көп. Айталық, бүгінде қоғамдық жұмыстар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Олар қоғамдық бірлестіктерге барып, белсенді жұмыс істеуде. Қиын жағдайға тап болған азаматтар, сол сияқты жазасын өтеп келгендер де бірінші кезекте осы орталықтың көмегіне жүгінеді екен.

Кентау қалалық Мансап орталығы
Фото: Кентау қалалық Мансап орталығы

«Биылғы жылдың 6 айында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін 4 рет ұйымдастырдық. Жұмыс беруші мен жұмыссыз жүрген адамдар осы жәрмеңкеге келіп, жұмыс берушімен тікелей сөйлесіп, «екі қолға бір күрек» табуға мүмкіндік алды. Кентау қалалық пробация қызметі бөлімінің ұсынған пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру органдарынан босатылған 16 азамат Кентау қалалық «Мансап» орталығына ресми жұмыссыз ретінде есепке тіркелді. Оның ішінде «Ұлттық жоба» аясында жұмыспен қамту шараларына 5 азамат тартылды. Сонымен қатар, Кентау қаласы әкімдігінің 2022 жылғы № 612 қаулысы «2023 жылға арналған пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру туралы» квотаға сәйкес 1 азамат «Кентау сервис» МКК, 2 адам «Жасыл қала» МКК жұмысқа орналасты. Бос ваканция бойынша 7 адам жұмысқа жіберілді», - деді Жақсылық Қайдаулов.

«Бос жұмыс орындары жәрмекесінің» халыққа тигізіп жатқан пайдасы орасан зор. Айталық, Кентау қалалық «Мансап» орталығында «ҚР Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жұмыссыз жастарды, пробация қызметі есебінде тұрған тұрғындарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босаған азаматтарды, аз қамтылған азаматтарды, алимент бойынша үш айдан асқан берешегі бар борышкерлерді, еңбекке жарамды мүгедектігі бар адамдарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп тұрады.

Кентау қалалық Мансап орталығы
Фото: Кентау қалалық Мансап орталығы

Биылғы жылдың шілде айында өткен жәрмеңкеге Кентау қаласы прокуратурасының, Кентау қалалық ішкі істер бөлімінің, Түркістан облысы бойынша Әділет департаментінің ауданаралық сот орындаушылар жөніндегі ауданаралық бөлімінің өкілдері қатысып, бірінші ретте пробация қызметі есебінде тұрған тұрғындарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босаған адамдардың жұмысқа орналасуын назарға алған.

«Жалпы қалада жыл басынан бері өткізілген жәрмеңке нәтижесінде 38 жұмыс берушіден 189 тұрақты жұмыс орындары ұсынылып, жұмыс іздеп келгендерге «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберіндегі алғашқы жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша ақпараттар берілді. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жергілікті тұрғындарға ерікті түрде Солтүстікке қоныс аудару туралы мемлекеттік бағдарлама бойынша кеңес берілді», - деді Жақсылық Қайдаулов.

Үкімет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары - халық игілігі үшін жасалынған ұлттық жобалар болып табылады. Мемлекет «Мансап» орталықтары арқылы азаматтарға жұмыс іздеуге жәрдемдесіп, жұмыс орындарын ұйымдастырып және жұмыс берушілерге жалақы субсидиялайды.

Субсидиялық жұмыс орындарының бірі – қоғамдық жұмыс орны. Оған арнайы дипломы, біліктілігі мен тәжірибесі жоқ кез-келген адам қатыса алады. Қалада жыл басынан бері қоғамдық жұмысқа жолдама алғандардың саны 567-і құрап отыр.

Кентау қалалық Мансап орталығы
Фото: Кентау қалалық Мансап орталығы

Реті келгенде айта кетейік, бүгінде елімізде өзінің жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ қаражаты жоқ жандарға мемлекет қолдау білдіруде. Өткен жылы 4 лек бойынша грантқа құжаттар қабылданды. Мәселен, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Кентау қаласы бойынша 2023 жылы төрт лек бойынша 691 адам грантқа өтінім берді. Нәтижесінде, комиссия мүшелерінің шешімімен 90 адам грант иегері атанды. Ал, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жүзеге асырылатын «Мемлекеттік қайтарымсыз грант» бағдарламасымен 2024 жылы бірінші лекте 106 адам грантқа өтінім берген болатын.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарастыру бойынша өткен комиссия отырысында мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға өтінім бергендердің ішінен 91 адам өз бизнес жобаларын қорғап шықса, 15 адам комиссия отырысына келмеген. Комиссия мүшелерінің толық дауыс беруінің нәтижесінде 1-лекте 37 адам грант иегері атанды.

2024 жылдың 15 шілде айынан 25 шілдеге дейін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттың 2-ші легіне 117 адамнан құжаттар қабылданған. Оның ішінен 101 адам комиссия мүшелерінің алдында өз бизнес жобаларын қорғаған. Ал 16 адам комиссия отырысына келмеді. Нәтижесінде 44 адам комиссия мүшелерінің оң шешімімен грант иегерлері атанды.

Кентау қаласында жыл басынан бері «Мансап» орталығы арқылы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарға «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасымен 148 адам жұмысқа жолдама алды. Бүгінгі таңда оның 117-і тұрақты жұмысқа қабылданды.

Айта кетейік, «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы жұмыс беруші жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін «Мансап» орталығымен келісім-шарт түзіп, жұмысшылрдың жалақысын субсидиялай отырып құрылатын жұмыс орны болып табылады. Онда тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы отбасы мүшелеріне, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған азаматтарға басымдық беріледі. Жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысының 35 пайызы мемлекет есебінен төленеді.

Әлеуметтік жұмыс орындарын салық және басқа әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізіп отыратын және жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер ұйымдастырады. Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Кентау қаласындағы «Мансап» орталығының директоры Жақсылық Нұралыұлы жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға жұмыс тауып бере алмаған жағдайда олардың әртүрлі санатқа бөліп қарастырылатынын айтады.

«Кейбірінің мамандығы болмаса, енді бірінің қолында диплом бар, бірақ тәжірибеден өтпеген болады. Ондай жандарды уақытша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс» және «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» деген бағыттар бойынша жұмыс ұсынамыз. Я болмаса, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдаймыз», - деді Жақсылық Нұралыұлы.

Кез-келген жастың оқуды бітіріп, мамандық иесі атанып, қолына диплом алғаннан кейін жұмыс іздейтіні белгілі. Алайда, тәжірибесі жоқ адамды жұмысқа ешкімнің алғысы келмейді. Осындай тығырықтан шығудың бірден-бір жолы, ол – «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бұл - жас маманның тәжірибе жинауына мүмкіндік беретін бағдарлама. Өткен жылы Кентау қалалық «Мансап» орталығы арқылы 410 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа жолдама алды.

Айта кетейік, «Жастар практикасы» бағдарламасы жоғары және арнаулы білім беру ұйымдарының түлектеріне (алдыңғы 5 жыл ішінде оқуын аяқтағанын растайтын дипломы бар және 35 жастан аспаған азаматтарға) арналған. Оның ұзақтығы 12 айдан аспайды. Жалақының бір айдағы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Кентау қаласында жыл басынан бері «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 122 өтініш білдіруші жұмысқа жолдама алды.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында іске асырылады. «Мансап» орталығы жұмыс берушілермен келісім-шарт жасап, оқу орнын енді тәмамдаған жастар 18 ай жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, жастардың тәжірибе мен біліктілігін арттырады. Бұл жобаға 35 жасқа дейінгі және жұмыссыз жүрген азаматтар, жұмыс өтілімі жоқ жастар қатысады. Мұның да еңбекақысы 30 айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды.

Кентау қаласындағы «Мансап» орталығының директоры Жақсылық Нұралыұлы: «Алдымызға қойған жоспарға сәйкес биыл жыл соңына дейін 90 адамды жұмысқа орналастыру көзделген болатын. Ағымдағы жылдың 6 айында қалада «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 78 адам жұмысқа орналасты», - деді.

Қазіргі таңда үй шаруасымен айналысып, жұмыссыз отырған әйелдер көптеп кездеседі. Олар зейнет жасына жақындағанда жұмысқа тұруға ниет білдіреді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға бағытталған «Күміс жас» жобасына қатысушылардың контингенті мен қатысу кезеңі кеңейтіледі. Өткен жылдан бастап «Күміс жас» жобасына қатысушылар контингентіне 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар енгізілді. Қатысу мерзімі 36 айға дейін, сондай-ақ қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылған. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды. Кентау қаласындағы «Мансап» орталығының директоры Жақсылық Нұралыұлының мәлімдеуінше, «Күміс жас» жобасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен Кентау қаласы бойынша жыл басынан бері 105 адам жұмысқа жолданған.