Кентауда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорын іске қосылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Елімізде жыл сайын 1 млрд. тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Бірақ, оның тек 2-3 пайызы ғана қайта өңделеді. Кейбір қалдық түрлері бір ғасырға дейін жер астында жата беретінінін ескерсек, қоршаған ортаға үлкен қауіп төніп тұр. Түйіткілдің түйінін тарқата түсу үшін Кентау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорын іске қосылды. Соңғы, типтік үлгідегі технологиямен жабдықталған кәсіпорын Кентау қаласында орын тепкен. Бұл жобаның құны - 100 млн. теңгені құрап отыр. Кәсіпорын жыл сайын 800 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықты қайта өңдеуге қауқарлы. Өндіріс орнында 25 адам жұмыспен қамтылған. Аталмыш жобаға бюджеттен бір тиын да бөлінбеген. Аталған жоба жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асқан. Кәсіпорын өз өнімін Ресей еліне экспорттауды да жоспарлап отыр. Ал, оған қажетті тұрмыстық қатты қалдық Оңтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен және Қызылорда облысынан жеткізіледі. Жалпы, күл-қоқысты кәдеге жарататын кәсіпорындар жерасты су көздері мен топырақтың беткі қабатын бүлінуден сақтайды. Серіктестік ісі нәтижесін берсе, өндіріс көлемін тағы ұлғайтпақ ниетте.