Кентауда мектеп пен колледж шатырын жел ұшырып кетті

None
Фото: Түркістан облысы ТЖД
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Кентауда қатты желден мектеп пен колледж шатыры ұшып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысын Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде желдің ұйытқуы орташа деңгейде секундтына 26 метр, ал таулы аумақтарда 30 метрге дейін жеткен. Қатты желдің салдарынан Кентау қаласындағы ғимараттар көп зардап шегуде. Мәселен, Кентау қаласындағы политехникалық колледждің 700 шаршы метр шатыры ұшып кеткен. Соның салдарынан көршілес тұрғын үйлердің қоршаулары мен шатырына зақымданған.

Сондай-ақ, Кентаудағы «Қазақтелеком» ғимаратының 450 шаршы метр шатыры да түгелдей ұшып түскен. Ал, жөндеу жұмыстарынан өткеніне көп бола қоймаған Ы. Алтынсарин атындағы №1 мектеп ғимаратының шатыры да жерге құлаған. «Өңірдегі 4 ауданда 14612 абонент жарықсыз қалған болатын. Қазір 3000-ға жуық абонентке жарық берілді. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратында жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Алдағы 4, 5, 6 мамырда да желдің қарқыны сақталады. Сондықтан аса бір қажеттілік болмаса сыртқа шықпауларыңызды сұраймыз», - деді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Соңғы жаңалықтар