Кентауда мүгедектікті растайтын құжат алып беремін деп елді алдаған әйел ұсталды

КЕНТАУ. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың ақпан айының соңында Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келеді. Ол өз арызында өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырған белгісіз азаматшаның «мүгедектікке шығарып беремін деп» 70 мың теңгесін алып, алдап кеткенін жазған.
None
None

Содан «сан соғып қалған» тұрғын бірден полицияның көмегіне жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Кентау ҚПБ-ның полицейлері аталған жайтқа байланысты тергеп-тексеру амалдарын бастап кетеді. Ақыры жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде, бірнеше күн ішінде қалалық сақшылар алаяқтыққа күдікті әйелді анықтайды. Ол осы қаланың тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында күдікті әйелдің Кентау қаласының бірқатар тұрғындарын алдап, жалпы көлемі 700 мыңға жуық теңгені иемденгені белгілі болды.

Аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде аталған іске қатысты барлық құжаттар жинақталып, сотқа жолданды.

«Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына ермей, кез-келген мәселені заң жүзінде шешуді ескертеді. Егерде осындай алаяқтардың қылмысына куә немесе құрбаны болсаңыз, «102» шұғыл нөміріне хабар беріңіз, өйткені дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар