Кентауда ұстаздар аллеясы пайда болады
КЕНТАУ. ҚазАқпарат – Кентау қаласында ұстаздар аллеясы пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Кентау қаласы күннен күнге ажарланып келеді. Көктем шығысымен шағын қаланың шырайы кіріп, көше бойларында көркі көз тартар бірнеше гүлзарлар орналастырылған. Орталық көше күрделі жөндеуден өтіп, ішкі орам жолдар да қалыпқа келтірілуде.
Алдағы уақытта қала тағы бір нысанмен толықпақ. Кентау қаласының әкімі Даурен Мақажановтың тапсырмасымен қала орталығынан «Ұстаздар аллеясының» құрылысы басталды. Бұл аллеяға кентаулық ұстаздар қауымының құрметіне орай ерекше атау берілмек.
Қаладағы Абай даңғылынан бой түзейтін аллеяда үлкен қыл қаламнан ескерткіш орнатылатын болады. Маңайында тұрғындардың тыныстап демалуына барлық жағдай жасалынып, арнайы замануи орындықтар мен жарық шамдар аллеяның ажарын одан әрі аша түспек.
Сонымен қатар, аллеяда балаларға арналған соңғы үлгідегі ойын алаңшалар да қойылмақ.