Кентаудағы колледжде ерекше балаларға мерзімі өткен азық-түлік берген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысының прокуратурасы Кентау қаласында орналаcқан «Арнайы кәсіптік колледжде» оқитын 80 ерекше баланың құқықтары өрескел бұзылғанын анықтады.
Арнайы кәсіптік колледж - еліміздегі жалғыз мамандандырылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және білім беру қызметтерін ұсыну үшін құрылған мекеме. Прокурорлық тексеру барысында аталған оқу орнының басшылығы ұзақ уақыт бойы заңнама талаптарын бұза отырып, ерекше студенттерді мемлекеттік қызметтермен тиісінше қамтамасыз етпегені анықталды.
Сапасыз білім берудегі бұзушылықтар, оқытушылар құрамының біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталмағаны белгілі болды. Мекемеде мерзімі өткен азық-түлік пен мерзімі өткен медициналық препараттар қолданылған.
Медициналық қарсы көрсетілімдері мен шектеулері бар талапкерлерді оқуға заңсыз қабылдау фактілерін біле тұра, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары тиісті шаралар қабылдамаған.
«Тексеру нәтижесімен заң бұзушылықтарды жою және бала құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы 5 прокурорлық ден қою актісін облыс әкімдігіне және мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне енгізді», - делінген Түркістан облысы прокуратурасы таратқан ақпаратта.