Кентаудағы университет базасында заманауи зертханалар ашылды
КЕНТАУ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Кентау қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Кентау институтының базасында заманауи зертханалар ашылды. «Alageum Electric» холдингтік компаниясы демеушілік еткен жоба бойынша оқу орнынан Ілияс Қожабаев атындағы «Smart Sensor Systems» және «Alageum Lab» атты замануи зертханалар орнатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Иновациялық жүйедегі заманауи құрылғылармен жабдықталған қос зертхананың жалпы құны 42 млн теңгені құрайды. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шараға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Болатбек Абдрасилов, І- вице-президент Женгиз Томар, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов және «Alageum Electric» компаниясының басшысы Сейдулла Қожабаев қатысып, озық үлгідегі ғылыми зертхана кабинеттерінің лентасы қиды. Айта кетейік, зертхана құрылымының мақсаты — электроэнергетика, автомтика ғылымдары мен инженерия білім беру саласында қазіргі замануи және өндірістік тәжірибеге негізделген білім бере отырып, бәсекеге қабілетті инженерлік мамандарды даярлау. Екі зертханада студенттерді төрт бағытта, яғни робототехника, ақпараттық жүйелер, электро-энергетика және автоматтандыру мамандықтары бойынша білім беру бағдарламасымен дайындайды. Үш күн теориялық сабақ алған студенттер, КТЗ зауытына барып екі күн бойы тәжірибеден өтеді. Мерекелік шара оқу орны жастарының дайындаған концертік бағдарламасымен жалғасты.