Кентаулық ұстаздың үйінде әлем картасынан жойылып кеткен елдердің ақшасы сақтаулы тұр
Кентаулық ұстаздың үйінде әлем картасынан жойылып кеткен елдердің ақшасы бар, деп хабарлайды Kazinform.
Кентау қаласының тұрғыны Ерлан Байменов тиын жинаумен әуестенеді.
Студент кезден басталған коллекцияға деген қызығушылығы кейін хоббиіне айналған. Қазір үйінде 50 мемлекеттің тиындары сақтаулы тұр.
Оның ішінде ГФР, ГДР, СССР және Югославия секілді әлем картасынан жойылып кеткен елдердің де ақшасы бар.

«Мұрат Тастанбеков деген ағайым бірде тарих сабағына өзінің жинаған тиындарын алып келіп таныстырды. Содан бастап менің де тиын коллекциясын жинауға деген қызығушылығым артты»,-дейді ұстаз.
Ерлан көбіне тиындарды жарнамалық сайттардан сатып алады. Одан бөлек, базарлар мен жаймалардың қызметін тұтынады.
Хоббиін білетін таныстары мен туыстары, достары өздерінде бар сирек тиындарды сыйлап кететін кездері көп.

Қазір үйіндегі коллекциясы 5 келіден асады.
Оның ішінде көне тиындармен қатар сирек кездесетін ақша түрлері де бар.
«Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай шыққан 500 теңгелік бар. Жақында бір күміс тиын сатып алдым. Сондай-ақ, еліміз егемендігін алған жылдар ішінде құйылған тиындар мен жарық көрген ақшаларды коллекцияма қосым қойдым»,-дейді ол.
