Кентаулықтар сапалы жылуды тұтына алмай отыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Көпқабатты үйлердің тұрғындары қосымша электр пештерін қосуға мәжбүр. 

Кентау
Фото: pexels.com

Әлеуметтік желіде кентаулықтардың әлі де сапалы жылуды тұтына алмай отырғаны жайында видео жарияланды. Яғни, қала тұрғындары 15 желтоқсаннан бері үйіміз жылымады деп шағымдарын жеткізіп жатыр. Сондықтан пәтерлеріне электр қуатымен жылытатын пештерді қосуға мәжбүр. Осылайша кентаулықтар жарық жүйесіне де қосымша ақы төлеп отыр. Тіпті, кей айларда жарықтың ақысы 30 000 теңгеге жуықтап қалады екен. 

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Искаковтың айтуынша қазір №5 жылу энерго орталығында 4 қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

«Профилактикаға 2 апта сайын қазандықтарды тазалап тұру керек. Сол кезде біреуі тоқтатылады. Содан жылудың температурасы төмендеп жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ мамандар қазір қалада орталық жылу жүйесіне заңсыз қосылған нысандарды анықтау және жүйеден ажырату жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Әзірге 100-ден астам нысан бойынша сотқа талап арыз түсірілген. 

Айта кетейік, желтоқсан айында қатты дауылдың салдарынан Кентаудағы №5 жылу энерго орталығында ақау шыққан болатын. 

Кейін әкімдік Кентаудағы жылу энерго орталығында жаңадан екі қазандық салынып жатқанын айтты.