Кентаулық екі тұрғынның ерегісі кісі өлімімен аяқталды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Есіктен өтуге таласқан кентаулық екі тұрғынның ерегісі кісі өлімімен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тәртіп сақшылары таратқан мәліметке сүйенсек, екі ер адам дүкен есігінен кірер сәтте иық тіресіп, сол үшін сөзге келіп қалған. Содан жәбірленуші оқиға орнынан шығып кетіп, бірер минуттардан соң аталған дүкенге қайта келіп, арадағы дауды шешпек болған. Жанжал одан әрі Кентау қаласына кіреберіс маңдағы құрылысы аяқталмаған нысан аумағында жалғасқан. Екеуі төбелесіп, соңында күдікті жәбірленушіні пышақтап, қылмыс орнынан қашып кеткен.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Криминалдық полиция қызметкерлері бір тәуліктен кейін күдіктіні Алматы қаласынан ұстады. Ол бұрын тонау дерегімен сотталған Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлел ретінде пышақ алынды. Күдікті қамауда», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


