Кентаулық жастар жарысып жүріп қоқыс жинады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Кентаулық жастар жарысып жүріп қоқыс жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Плоггинг» спорттық шарасы өтті. Хантағы ауылындағы тау бөктерінде ұйымдастырылған шарада жастар жарысып жүріп қоқыс жинады. Бес командаға бөлінген олар табиғат аясынан қоқыстарды теріп, арнайы көліктермен полигонға шығарды. Игі шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов белсенді жастарды мерекелермен құттықтады.

«Күн жылып, жердің нәрі кіре бастаған уақытта көпшілік табиғатқа шығып демалады. Өздеріңізбен тұрған жеріміз – қаламыздың ең көрікті бөлігі. Адамдар осы аймаққа көп шоғырланады. Алайда, тазалыққа мән бермей жатады. Көпшілікке ой салар бүгінгі шарамыз жалғасын тауып, өз нәтижесін береді деген сенімдемін», - деді ол.

Тазалық шарасы аяқталғаннан соң, жастар садақ ату, ләңгі тебу ойындарынан сынға түсті. Ең белсенді, ең мықты деген топ жеңімпаз атанып, қала әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара Қарнақ ауылында да жалғасты. Эко асар аясында ұйымдастырылған шарада жастар «Ырмақ» өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты. Асарға 100-ден астам қарнақтықтар белсене қатысты.

Фото: Кентау қаласының әкімдігі
Соңғы жаңалықтар