Кенжардан үлкен сахнаға дейін: Қазақстан Шахтер күнін атап өтіп жатыр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Тамыз айының соңғы демалысында Қазақстанның шахтерлер қалаларында жер астына күн сайын түсіп, елге қажетті шикізат пен энергияны өндіруге маңдай терін төгіп жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетіледі. Қарағанды, Екібастұз және Жезқазған өңірлерінде кәсіби мереке салтанатты жиындармен қатар, шахтерлер әулеттері мен еңбек ұжымдарының өнегелі тарихын өрнектейтін кездесу мыңдаған көрермен қатысатын концерт өтеді.
Шахтер күнінің тарихы сексен жылға жуық уақытты қамтиды. Кәсіби мереке Кеңес Одағында 1947 жылы белгіленіп, алғаш рет 1948 жылғы 29 тамызда ресми түрде аталып өткен. Өмірін кен ісіне арнап, жер қойнауының байлығын игеруге үлес қосқан жандарды ұлықтау дәстүрі Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де жалғасын тапты. Қазақстанда Шахтер күні жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде атап өтіледі. 2026 жылы бұл мереке 30 тамызға сәйкес келеді.
Тарихы көмір өндірісімен тамырлас өңірлер үшін бұл — күнтізбедегі кезекті атаулы күн емес. Мұнда шахта — тек нәпақа табатын жұмыс орны ғана емес, әулет тарихының бір бөлігі, тұтас қалалардың тағдырына таңба салған, бірнеше буынның ғұмырымен сабақтасқан қасиетті мекен.
Қарағанды облысы елдегі көмір өндіретін ірі өңірлердің бірі саналады. 2026 жылдың алғашқы жеті айында мұнда 20 млн тоннаға жуық көмір өндірілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 37 млн тонна болған. Ал биыл жыл соңына дейін өңір көмір өндіру көлемін кемінде 41 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Кеншілер мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында сала үздіктерінің еңбегі еленіп, ведомстволық наградалар табысталды. Шахтерлерге «Шахтер даңқы» төсбелгілері мен «Кенші даңқы» медальдары берілді. Ал тау-кен өнеркәсібінің ардагерлеріне айрықша алғыс білдірілді.
Шахтадан басталған әулет жолы
Склеповичтер отбасының тағдыры «Абай» шахтасымен әлдеқашан біте қайнасқан. Бүгінде бір әулеттің бірнеше өкілі осында қатар еңбек етіп жүр. Олар — Сергей Склепович, оның жұбайы Тамара, ұлы Никита және Тамараның әпкесі Алена Красникова.
Шахтерлер әулетінің негізін Эдуард Склепович қалаған. 1979 жылы ол Беларусьтен Қазақстанға келіп, шахтаға жұмысқа орналасады. Сол жылы оның ұлы Сергей дүниеге келеді. Жылдар өте келе Сергей әке жолын қуып, шахтер мамандығын таңдайды.
Эдуард ағасы Феликспен бірге ұзақ жыл бойы лавада — көмір өндірісіндегі ең ауыр учаскелердің бірінде еңбек етті. Бұл — зор күш пен төзімділікті қажет ететін жұмыс. Екі ағайынды да зейнетке шыққан. Алайда әулеттің шахтерлік шежіресі мұнымен түйінделген жоқ.
Сергей Склепович «Абай» шахтасында ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол слесарьдан желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің механигіне дейінгі еңбек жолынан өтті. Қазір оның жауапкершілік аясында газды бақылау мен жер астындағы жұмыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеуі бар.
Жұбайы Тамара да шахтада еңбек етеді. Ол екі жылдан бері сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмыс істейді. Оның міндеті — сорғылар мен вакуумдық қондырғылардың жұмысын бақылау, қысым мен газ көрсеткіштерін жіті қадағалау.
24 жастағы Никита да әулет дәстүрін жалғастырды. Алайда ол өзіне басқа мамандық таңдады. Шахтаға 2022 жылы студент кезінен келген ол оқуын аяқтағаннан кейін осында қалып, маркшейдер болып еңбек етті. Қазір жас маман бас маркшейдердің міндетін де атқарып жүр.
Никитаның шахтамен байланысы бала күнінен басталған. Тіпті оның бөлмесінде жер астындағы қазбалардың картасы ілулі тұратын.
— Анашым, менде таңдау болған жоқ, — деп күледі ол.
Отбасы мүшелері үшін шахтерлер әулеті болу — мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік. Бұл — өз фамилияңа деген жауапкершілік, әке жолына деген адалдық, бірнеше буын өмірін арнаған кәсіпке деген құрмет.
Склеповичтердің Шахтер күніне орай қалыптасқан өзіндік отбасылық дәстүрі де бар. Олар бұл күнді жыл сайын туыстарын, әріптестерін және олардың отбасыларын жинап, үлкен дастархан басында бірге атап өтеді.
Бір бригада — бір тағдыр, бір отбасы
Шахтада еңбек ететіндердің арасында жылдар өте келе бір-біріне туған-туыстай болып кеткен ұжымдар аз емес. «Қазақстан» шахтасында сондай бригадалардың біріне Еңбек Макажанов жетекшілік етеді. Оның командасында 40-қа жуық адам бар. Олардың басым бөлігі талай жылдан бері бір сапта еңбек етіп келеді.
Көмір өндіру басталмас бұрын болашақ учаскелердің негізін дәл осы өткелшілер қалайды. Олар тау-кен қазбаларын жүргізеді, жұмыс орындарына жол ашады, қажетті коммуникацияларды қамтамасыз етеді. Демек, шахтаның алдағы жұмысы мен дамуы олардың еңбегіне тікелей байланысты.
Еңбек Макажанов бұл кәсіпке жиырма жылға жуық уақыт бұрын келген. Әкесі де шахтер болғандықтан, жер астындағы еңбектің қыр-сырын бала кезінен білген. «Қазақстан» шахтасында ол звено жетекшісінен бригадирге дейінгі еңбек жолынан өтті. Бүгінде бұл жауапты қызметті оған әріптестері сеніп тапсырған.
Еңбек үшін жақсы ұжым — міндетін кәсіби атқаратын адамдардың ғана жиынтығы емес. Жылдар өте келе оларды ортақ еңбек, ортақ жауапкершілік пен бір-біріне деген сенім біріктірген.
— Осы жылдар аралығында біз бір үлкен отбасыға айналдық. Әр ауысым алдында өндірістік міндеттерге ғана емес, адамдардың көңіл-күйіне де назар аударамын. Әр адамның жұмысқа дайын болғаны мен үшін маңызды, — дейді бригадир.
Бұл бригадада шахтерлердің жаңа буыны да өсіп келеді. Ұжымдағы тәжірибелі өткелшілердің бірі Талғат Тоқмағанбетов шахтаға 2006 жылы келген. Бүгінде оның ұлы әкесімен бірге электрмашинист болып еңбек етеді. Ал екінші ұлы да болашақта өз өмірін көмір саласымен байланыстыруды жоспарлап отыр.
Аға буын жас мамандарға кәсіби шеберлікті ғана емес, шахтадағы ең басты қағиданы — қауіпсіздікті де аманат етеді.
— Ең алдымен қауіпсіздік техникасын сақтау қажет. Әрдайым өзіңді де, жаныңдағы адамды да ойлауың керек. Шахтада әрбір кәсіби дағдының артында жауапкершілік тұр, — дейді Талғат.
Салтанатты жиыннан — үлкен сахнаға
Ресми іс-шаралар аяқталған соң мерекелік думан қаланың басты алаңдарына ұласады.
Қарағандыда 29 тамыз күні Оңтүстік-Шығыс шағынауданындағы Байкен Әшімов атындағы жаңа алаңда ауқымды концерт өтеді. Мерекелік бағдарлама сағат 18:00–де басталады.
Көрермендер алдында Димаш Құдайберген, Дима Билан, Қайрат Нұртас және басқа да өнерпаздар өнер көрсетеді. Сахнаның ені 62 метрді құрайды. Кеш соңында аспанға мерекелік отшашу атылады.
Қала серіктері мен қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары үшін концерттен кейін қосымша автобустар ұйымдастырылады.
Екібастұзда 29 тамыз күні мерекелік бағдарлама «Өнер» қалалық мәдениет сарайының алдындағы алаңда сағат 19:00–де басталады. Қала тұрғындары мен қонақтары алдында Досымжан Танатаров, RaiM, Lukaveros, Sevak, сондай-ақ шетелдік орындаушылар Aura Dione мен Eva Simons өнер көрсетеді. Мерекелік кеш салютпен түйінделеді.
Сәтбаевта 30 тамыз күні Орталық алаңда «Жас Дарын» фестивалі өтеді. Бағдарламаның арнайы қонағы — Маржан Арапбаева. Фестиваль сағат 18:00–де басталады.
Бүгінде Қазақстан әлемдегі көмір өндіретін ірі мемлекеттердің қатарында. Республика көмір қоры бойынша әлемде сегізінші орында тұр. Қазақстанға әлемдік көмір қорының шамамен 4 пайызы тиесілі. Елде жыл сайын 97 млн тоннаға жуық көмір өндіріледі.
Алайда Шахтер күнінің басты өлшемі миллиондаған тоннамен ғана есептелмейді. Оның ар жағында кәсібін әкеден балаға аманат еткен әулеттер, тәжірибесін аға буыннан жас мамандарға табыстаған еңбек адамдары, жер астында күн сайын бір-бірінің өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беретін жандар тұр.
Сондықтан Шахтер күні — маңдай термен келген еңбекті, ұрпақтар сабақтастығын, кәсіби дәстүрді дәріптейтін мереке. Бұл — шахта тағдырымен бірге өрілген тұтас қалалардың, сол шахтада еңбек етіп, өмірін байланыстырған адамдардың мерекесі.
Бұған дейін «Болашақ» шахтасы қауіпсіздікке деген көзқарасты өзгерткені туралы жазған болатынбыз.