Кенжеш Сәрсекенова: Спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР конькимен жүгіру спортынан мемлекеттік жаттықтырушы Кенжеш Сәрсекенова Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарына қатысатын қазақстандық спортшыларға сәттілік тіледі.

Мемлекеттік жаттықтырушы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында конькимен жүгіру спортынан қысқы Азия ойындарына еліміздің ең мықты спортшылары бара жатқанын айтты.
– Конькимен жүгіруден ел құрамасы 10 ер спортшы және 10 қыздан құралды. 4 жылда бір келетін құрлықтық додаға еліміздің ең мықты спортшылары бара жатыр. Әрине, басқа елдің де мықты спортшылары келетіні сөзсіз. Алайда біз спортшыларымызға сенеміз, көбірек медаль жеңіп алудан үміттіміз, - деді Сәрсекенова.
Сондай-ақ, мемлекеттік жаттықтырушы жүлдеден үмітті бірнеше спортшының атын атады.
– Спринт жарысында Евгений Кошкин және Алтай Жардембекұлы деген спортшыларымыз бар. Сонымен қатар, командалық спринт және командалық із қуу жарыстарынан жүлде аламыз деп сенеміз, - деді ол.
Айта кетейік, Кенжеш Сәрсекенова жасөспірім қыздар арасында екі мәрте Қазақстан және әлемдік доданың жеңімпазы. Ол 1994 жылы Лиллехаммер (Норвегия), 1998 жылы Нагано (Жапония) қысқы Олимпиада ойындарына, Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен IV қысқы Азия ойындарына (1999 жыл) қатысқан.
Еске салсақ, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде IX қысқы Азия ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.