Кепілге қойылған үй «сатылып кеткен»: Қызылорда соты мәмілені жарамсыз деп таныды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 2022 жылы Қызылорда қаласының 70 жастағы тұрғынының үйі 19 млн теңгеге жасалған сатып алу-сату шарты негізінде басқа адамның атына рәсімделген.

сот
Фото: Kazinform

Қызылорда облыстық сотының мәліметінше, әйел үйін сатуды мүлдем жоспарламаған. 

- Оның айтуынша, ұлы қарызға ақша алған, ал үй сол қарызды өтеу үшін кепілге қойылған. Жасының ұлғаюына, есту және көру қабілетінің нашарлауына байланысты нотариуста тұрғын үйді сату туралы емес, оны кепілге қою туралы құжаттарға қол қойып жатырмын деп ойлаған. Ол үш жарым жыл бойы өз үйінде тұрып, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеп келген және тұрғын үйдің заң жүзінде басқа адамның атына рәсімделгенін білмеген. Үйді сатып алушы оны және оның отбасы мүшелерін тұрғын үйден шығару туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Өз кезегінде үй иесі сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы қарсы талап қойған, - делінген хабарламада. 

Сот сатып алу-сату шартының іс жүзінде қарызды қамтамасыз ету құралы ретінде пайдаланылғанын анықтады. Сонымен қатар тұрғын үйді әдеттегі сату жағдайына сәйкес келмейтін бірқатар мән-жайға назар аударды.

- Атап айтқанда, сатып алушы үш жарым жылдан астам уақыт бойы үйге талап қоймаған, оны пайдаланбаған және тіпті үйге келмеген. Осы уақыттың барлығында әйел отбасы мүшелерімен бірге даулы үйде тұрып, оны күтіп-ұстау шығынын өзі көтерген. Сот сондай-ақ 19 млн теңгенің әйелдің ұлына сатып алушының әкесі тарапынан қарыз ретінде берілгенін анықтады. Дәл осы қарызды қамтамасыз ету мақсатында даулы мәміле рәсімделген. Сонымен қатар 2023-2024 жылдары «сатып алушыға» 4 млн теңге қайтарылған. Іс материалдарын зерделей келе, сот қарсы талап арыз иесі өз үйін іс жүзінде басқаға беруге ниеті болмаған деген қорытындыға келді. Ал сатып алу-сату шарты тұрғын үйді нақты сату мақсатында емес, берешекті қайтаруды қамтамасыз ету үшін жасалған, - делінген сот хабарламасында.

Нәтижесінде Қызылорда қаласының соты сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, қарт әйелдің тұрғын үй құқығын қалпына келтірді. Мәмілені рәсімдеу кезінде анықталған бұзушылықтарға байланысты сот облыстық әділет департаменті басшысының атына жеке ұйғарым шығарды. Ведомствоға жекеше нотариустың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, анықталған кемшіліктерді жою тапсырылды.

Апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттар бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

БұғандейінбізҚызылорда облысы Қазалы аудандық сотының төрағасы Д. Әбдіқалықов пен судья С. Бертайға қатысты сот үкімі шығарылып, оларға 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын жаздық.