Кептелістің басты себебі көліктің көптігі емес – Нұрқожа Бауыржанұлы

АСТАНА. KAZINFORM – Қала құрылысының мінсіз үлгісінде ғимараттар негізінен 3-4 қабаттан аспауы керек. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкасында Астана қаласы урбанистика орталығының аға урбанисі Нұрқожа Бауыржанұлы айтты.

Пробки Астана Кептеліс
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның пайымынша, көпқабатты тұрғын үйлер салу қала үшін әрдайым тиімді шешім емес. Әлемдік урбанистика қағидаттарына сәйкес, қала құрылысының мінсіз үлгісінде ғимараттар негізінен 3-4 қабаттан аспауы керек.

Көпқабатты үйлер көбейген сайын көлік кептелісі де артады. Өйткені кептелістің негізгі себебі тек жолдың тарлығы, тұрақ орындарының аздығы немесе көліктер санының көптігі емес.

Оның басты себебі – көптеген адамның бір уақытта бір жерге жетуге ұмтылуы. Адамдар бір нүктеге бір мезгілде жиналған кезде көлік қозғалысына салмақ түсіп, кептеліс пайда болады, - деді урбанист.

Нұрғожа Бауыржанұлының айтуынша, егер бір аумақта көпқабатты тұрғын үйлер шамадан тыс көп салынса, сол жерде халық тығыздығы артады. Соған сәйкес ауызсуға, газға, электр энергиясына және басқа да инженерлік ресурстарға сұраныс көбейеді. Оның үстіне, тұрғындардың басым бөлігінде жеке көлік бар. Мұның бәрі қала инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіреді. Сондықтан Қазақстанда жер жеткілікті екенін ескерсек, қалаларды аумақтық тұрғыдан кеңейтіп, жоспарлы түрде дамытуға да назар аударған жөн.

- Дегенмен жаңа аудандар салғанда санға емес, сапаға басымдық беруіміз керек. Ең алдымен, тұрғындардың сол ауданда өмір сүруі қаншалықты жайлы екеніне мән берген дұрыс. Адамдардың серуендейтін орны, күнделікті азық-түлік сатып алатын дүкені, мектебі, балабақшасы және жұмыс орны жақын орналасуы маңызды. Егер адам қаланың бір шетінде тұрып, күн сайын екінші шетіне жұмысқа қатынауға мәжбүр болса, бұл экологиялық жағдайға да, психологиялық ахуалға да кері әсер етеді,- деді ол.

Оның атап өтуінше, Астана қазір «полицентрлік стратегия» негізінде дамып келеді. Полицентрлік дегеніміз – бір ғана орталыққа тәуелді болмайтын, бірнеше дербес орталығы бар қала.

- Егер қаладағы барлық кеңсе, жұмыс орны, сауда орталығы, ірі саябақтар мен демалыс орындары бір орталыққа шоғырланса, ал тұрғын үйлер басқа аумақта орналасса, таңертең адамдардың барлығы жұмысқа қарай, кешке керісінше үйлеріне қарай қозғалады. Соның салдарынан жолдарда кептеліс пайда болып, қала тұрғындары үшін қолайсыздық туындайды. Ал полицентрлік қалада әр аудан өзіндік орталыққа айналады. Демек, тұрғын үйлерге жақын жерде саябақтар, балабақшалар, мектептер, сауда орталықтары мен жұмыс орындары орналасады. Адамдар үйінен алысқа бармай-ақ демалып, жұмыс істеп, балаларын түрлі үйірмелер мен секцияларға апара алады. Күнделікті өміріне қажетті нысандар бір ауданның ішінде, жаяу жетуге болатын қашықтықта орналасса, тұрғындардың қаланың бір шетінен екінші шетіне қатынау қажеттілігі азаяды. Мұндай тәсіл қаланың көлік жүктемесін азайтып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді урбанист.

Сонымен қатар ол елорданың басты мәселелерін атады.