Кербұлақ ауданы Нұрым ауылындағы алма баққа Нұрғали Нүсіпжановтың есімі берілді - Алматы облысы
АЛМАТЫ. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Халыққа еңбек сіңіріп жүрген қайраткерлеріміз бен батырларымызды көзі тірісінде құрметтеуіміз керек.
Бұл туралы кеше Алматы облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылында «Туған табиғатты аялайық» деп аталатын республикалық ғылыми-танымдық конференцияның ашылу рәсімінде айтылды.
«Бұл конференция биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Біздің мақсатымыз - ел аумағының 4 пайызын ғана құрайтын орман-тоғайлардың көлемін ұлғайтуға атсалысу. Енді Нұрым ауылындағы алма бақ Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы және Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, әнші Нұрғали Нүсіпжановтың атымен аталады. Бұл басылым ұжымы мен жерлестерінің әйгілі өнер қайраткеріне деген тартуы», - дейді «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық және көпшілік журналының бас редакторы» және «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гөзел Құлжабаева. Оның айтуынша, ашылғанына 1 жыл 3 ай болған бұл баққа күздік және қыстық алмалар егілген. Бақ тек жеміс беріп қоймай, ауылды шаң-тозаң мен бораннан қорғайды. Бұдан бөлек ауыл мен бақтың арасына 6 қатарлық теректер егілген. Жылына 7 метрге дейін өсетін бұл теректердің ара қашықтығы 1 метр болады. Онда сондай-ақ, болашақта табиғи қоршау болатын талдар отырғызылып отыр.