Керекуде қарбыз егетін жер азайған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Былтыр Ертіс-Баян өңірінің фермерлері жалпы аумағы 1938 гектарға бақша өнімдерін еккен. Ал биыл бұл көрсеткіш бірден 38 пайызға азайып отыр.

қарбыз
Фото: Жетісай ауданы әкімдігі

Дәмі тіл үйіретін Керекудің қарбызы десе, елең етпейтін жан жоқ. Бұрын егісте теңкиген теңбіл қарбыздар ғана допша үрленіп жататын болса, соңғы уақытта шаруалар түрлі түсті сорттарды кеңінен өсіре бастаған. Жасыл, сары, қара, тіпті қызғылт-сары түсті дақылдар – даланың сәні. Жергілікті бағбандар бүгінде дала төсін дүбірге толтырып, бақша өнімдерін жинау науқаны басталып кетті.

Павлодар облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде қарбыз өсірілетін егіс танаптары жыл санап азайып келеді. Былтыр жергілікті шаруалар жалпы салмағы 76,6 мың тонна қарбыз жинаса, биыл бұл көрсеткіш шамамен 48,2 мың тоннаға жетеді деген болжам бар.

Басқарманың статистикалық деректеріне сүйенсек, өңірде 2022 жылы 2092 гектарға, 2023 жылы 1938 гектарға қарбыз егілсе, биыл қарбыз түйнектеріне арналған егіс аумағы бірден 38 пайызға кеміген. Тіпті Аққулы ауданындағы «Қайрат» шаруа қожалығының өзі соңғы жылдары мал шаруашылығына, көпжылдық шөптер егуге ден қоя бастаған.

Мамандар жергілікті қарбызды жаппай жинау қыркүйек айында басталатынын айтады. Әзірше ерте піскендері жергілікті нарықта келісі 220-250 теңгеден саудаланып жатыр. Ал оңтүстіктен жеткізіліп жатқан қарбыздың бағасы 150 теңге тұрады. Бақша өнімдері Аққулы, Павлодар аудандарында, Екібастұз бен Ақсу қалаларының ауылдық аймағында өсіріледі.

Бұған дейін Қазақстан өңірлерінде қауын мен қарбыз қанша тұратыны жайында жазған едік.