Керей мен Жәнібек тіккен киелі ту жығылған жоқ, Қазақстанның Тәуелсіздігімен бірге көтеріле түсті - Н. Назарбаев
![None None](/static/img/plug.webp)
«Ескерткіште еркіндік алып, жаңа орданың іргесін тіккен хандарымыздың ұлыстың байрағын мығым ұстап тұрғанын көріп тұрсыздар. Бұл Сүйінбай ақын айтқандай «бөрілі байрақ көтерген» даңқты бабалардың мәңгілік ел орнатуды аңсағанының мәнісі. Расында, Керей мен Жәнібек тіккен сол киелі ту жығылған жоқ. Ол Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен бірге, аспан астында қалықтаған қырандай шырқау биікке көтеріле түсті. Сондықтан да біз Тәуелсіздіктің көк байрағын берік ұстап, егемендігімізді көзіміздің қарашығындай қорғауға тиіспіз. «Еркіндік қайда болса - елдік сонда», дейді халық даналығы. Қазақтың «Егемен болмай ел болмас» деген де сөзі бар. Түптеп келгенде Керей мен Жәнібек тұсында тарих сахнасына шыққан «қазақ» деген сөз егемен, еншісін алған еркін ел деген мағынаны береді. Ал бабаларымыздың ұлыстың атына таңған, азаттық аңсарын ақиқатқа айналдыру - біздің ұрпақтың маңдайына жазылыпты», деді Н. Назарбаев.
Сонымен бірге, Президент бүгінгі күні егемен Қазақстанның айдай әлемге танылған айбынды мемлекетке айналғанына да тоқталып өтті. Мемлекет басшысы бұл ретте берекелі бірлігі меркелі тірлігімен ұштасқан Қазақстан дамудың дағыл жолына түскендігін, еліміздің батыстың беделді ұйымына жетекшілік еткенін, халқымыз бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізгенін атап өтті.