Кесек еңбек - көркем сөздің кемел тарихы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚХР-дан ғалым Жақып Мырзақанов ағамыз қара-шаңырақ - Қазақстан Жазушылар одағына арнайы ат басын бұрыпты. Жай келмепті, «Шыңжаң халық» баспасынан жарық көрген «Қазақ әдебие­тінің тарихы» атты төрт томдық еңбекті ала келген екен, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
None
None

- Қарашаңыраққа арнайы алып келген осы академиялық еңбек туралы қысқаша тоқтала кетсеңіз...

- Бұл төрт томдық кесек еңбек Қытай мемлекеттік Баспасөз мекемесінің 2011 жылы сол жақтағы аз ұлттар әдебиеті-мәдениетіне бөлінген қаржымен жарық көрді. Бұл академиялық еңбекті Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясы мен Ұлттар институты 1985 жылдан бастап қолға алған. Алғашында үш том қып жазу жобаланып, артынан төрт томға өзгерген бұл еңбек - ҚХР-дағы сорпа бетіне шығар ғалым-зерттеушілерінің ақыл-парасатының жемісі, ұжымдық шаруа.

Бұл жұмыстар алғаш қолға алынған кезде академиямыздағы марқұм Нығымет Мыңжани мен Бұлантай Досжаниндер белсене ат салысқан еді. Алғаш үш том боп жоспарланып (халық ауыз әдебиеті, ерте заман жазба әдебиеті, таяу-қазіргі заман әдебиеті), кейін төрт томға өзгеруінің себебі, Қытайдағы қазіргі заман қазақ әдебиетіне арнаулы бір том арнамаса, көп еңбектердің көрінбей қалатыны қатты талқыға түсті. Талқыланатын да жөні бар. Ол жақта 1970 жылдан бастап айтсақ та қазірге дейін 100-ге жуық роман, неше жүздеген әңгіме-повестер, дастандар мен өлеңдер жинақтары баспадан шықты. Сол шығармалардың біразы сол жақтағы мемлекет дәрежелі сыйлықтың біразын еншілеген, алыс-жақын елдер тіліне аударылған. Енді оны бұрынғы жоба бойынша үшінші томның бір тарауы қып беру шынымен де қусырылған дүние болар еді. Екінші рет басылып отырған бұл томдарға маған алғысөз жазу бұйырыпты.

- Бұл сүбелі еңбек ол жақта қанша таралыммен жарық көрді?

- Әр томы үш мың таралым.

- Сонда төрт томыңыз 12 мың таралым болады ғой...

- Иә, Сол мөлшерде. Бағасы да әркімге қолжетімді. Ұрпақтардың өткені мен бүгінін, болашағын тұтастыратын бұл еңбектің ол жақтағы қазаққа да, бұл жақтағы қазаққа да берері мол, аса керек дүние деп ойлаймын. Мифтер, аңыз-әңгімелерге байланысты қан­шама жергілікті жерлерде ғана айтылатын тың дүниелер бар. Мұның бәрі қазақ руханияты үшін өте құнды материал болатыны сөзсіз. Кезінде «Қазақ әдебиетінің тарихы» сынды ғылыми тапсырманы академиямызға жауапты болғанмен, бас редактор­лыққа ұсыныс етілген Нығымет Мыңжани ағамыз, Бексұлтан Кәсейұлы үшеуміз ақылдасып, бірінші, үшінші томды Бексұлтанның өзі, екінші томды профессор Ахметбек Кірішбаев жазсын деп шештік. Ал кейін қосылған төртінші томды Әбденбай Бажайұлы бастаған зиялылар қолға алды. Бұл төрт томдық кесек ғылыми еңбек Қытайдағы қазақ әдебиетінің тарихын осы заманға дейін жүйелі түрде жазғанымен ерекше­ленеді.

Сұхбаттасқан Г. Сыдықова

Соңғы жаңалықтар