Кеше Қазақстанның автожолдарында 6 адам мерт болып, 11 адам зардап шекті - ТЖМ

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәліметтерге сәйкес, ірі жол-көлік оқиғасы Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс-Шардара автожолының 57-ші шақырымында «ВАЗ» және «Газель» автокөліктерінің қатысуымен болған. Оның салдарынан бірінші көліктің екі жолаушысы сол орында көз жұмса, тағы 4 жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Сондай-ақ Алматы облысы Есік-Маловодное автожолының 55-ші шақырымында 15 сағат 45 минутта «Фольксваген» және «УАЗ» көліктерінің соқтығысуы орын алды. Оқиға орнында «Фольксвагеннің» 54 жастағы жолаушысы мерт болды.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Кентөбе кен орнында «КамАЗ» жүк көлігі «Мазда» автокөлігін қағып кетті. Апатта жеңіл көліктің 42 жастағы жүргізушісі құрбан болып, оның 42 және 43 жастағы жолаушылар зардап шекті.
Ал Павлодар қаласының Сәтбаев және Горький көшелерінің қиылысында болған «Ниссан» және «Мазда» автокөліктерінің соқтығысуынан, 5 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.